Алматыда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру жұмысы жалғасып жатыр. Қала билігі бағаның шарықтап кетуіне жол бермеу үшін өндірушілермен тікелей жұмысқа көшіп, нақты тетіктерді іске қосты, деп жазады Ertenmedia.kz.
2025 жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы Алматыда 8,4 пайызға өскен. Бұл көрсеткіш орташа республикалық деңгейден небәрі сәл ғана жоғары. Алайда қала әкімдігі мұндай өсімді тежеу үшін жүйелі шараларды күшейтіп отыр.
Алматы қаласы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында қала әкімінің орынбасары Олжас Смағұлов осы бағытта жергілікті бюджеттен 12 млрд теңге бөлінгенін айтты. Оның 8,3 млрд теңгесі өнімді өндірушіден тікелей жеткізуге және Magnum сауда желісінде бағаны бекітуге бағытталған.
Қала үшін ең маңызды қадамдардың бірі – делдалдарды азайту. Осы мақсатта әлеуметтік маңызы бар 19 тауар түрі бойынша жалпы көлемі 26 мың тонна азық-түлікке келісімшарт жасалған. Соның арқасында Алматыға ірі көлемдегі өнімдер тікелей өндірушілерден жеткізіледі.
Қыс пен көктем мезгілінде көкөніс бағасының күрт құбылуы жиі алаңдатады. Осыны ескерген қала билігі ірі жеткізушілермен арнайы меморандумдар жасасқан. Нәтижесінде 14 мың тоннадан астам өнім биылғы қарашадан келесі жылдың мамырына дейін ірі сауда желілеріне жеткізіліп тұрады. Бұл тәсіл тапшылықты болдырмай, бағаның негізсіз өсуіне тосқауыл қоюға мүмкіндік береді.
Олжас Смағұлов әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы әр отбасының тұрмысына тікелей әсер ететінін атап өтті. Оның сөзінше, дәл осы себепті әкімдік бұл мәселені тұрақты бақылауда ұстап, жедел әрі жүйелі әрекет етуге мәжбүр.
Қалада бұл жұмыс тек ірі сауда желілерімен ғана емес, жергілікті және өңірлік өндірушілермен қатар жүргізіліп отыр. Мұндай тәсіл алыпсатарлық тәуекелін азайтады. Ең бастысы, алматылықтарды негізгі азық-түлікпен тұрақты және қолжетімді бағамен қамтамасыз етуге жол ашады.
Қысқасы, Алматыда азық-түлік бағасын ұстап тұру енді уақытша шара емес, нақты механизмдерге сүйенген жүйелі саясатқа айналып келеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







