Түркістан облысында білім беру саласында жаңа тәжірибе енгізіліп, жоғары оқу орнын үздік аяқтаған түлектерді конкурссыз жұмысқа қабылдау басталды. Бұл бастама жас кадрларды қолдауға және мектептердің сапасын арттыруға бағытталған, деп жазады Ertenmedia.kz.
Жаңа тәртіп ҚР Оқу-ағарту және Еңбек министрліктерінің 2025 жылғы бірлескен бұйрығына сәйкес жүзеге асуда. Негізгі талап үміткердің GPA көрсеткіші 3,33-тен төмен болмауы және кәсіби сертификаттаудан сәтті өтуі.
Бұл мүмкіндікті алғашқылардың бірі болып Түркістан қаласындағы №32 мектеп пайдаланды. «Келешек мектептері» бағдарламасы аясында ашылған білім ордасы жаңа оқу жылында 19 жас маманды жұмысқа қабылдаған.
Жаңа қызметкерлердің басым бөлігі – математика және ағылшын тілі пәндерінің мұғалімдері. Сонымен қатар бастауыш сынып, химия, биология және орыс тілі пәндерінің жас педагогтері де бар.
Мектеп директоры Айгүл Абайқызы бұл бастаманың маңызын атап өтті. «Жас мамандар – білім жүйесінің жаңа тынысы. Олар жаңа әдістемелерді меңгерген, цифрлық сауаттылығы жоғары. Мұндай кадрлар мектептің дамуына серпін береді», – деді ол.
Директордың айтуынша, бұл шешім педагогикалық кадрлардың сапасын арттыруға және оқу процесіне заманауи тәсілдерді енгізуге мүмкіндік береді. Жалпы өңір бойынша жыл басынан бері мыңнан астам жас маман білім беру ұйымдарына жұмысқа орналасқан.
Бұл бастама жас педагогтердің мектепке келуін жеңілдетіп қана қоймай, білім сапасын арттыруға бағытталған жүйелі қадам ретінде бағаланып отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







