АҚШ билігі тәркілеген әйгілі Amadea атты суперъяхта ақыры сатылды. Бұл кеме әлемдегі ең қымбат жеке яхталардың бірі. 106 метрлік алып су көлігін АҚШ Әділет министрлігі 10 қыркүйекте жабық аукцион арқылы сатып, жаңа иесін тапсырды. Әзірше суперъяхта жаңа қожайының аты-жөні құпия сақталуда. Бастапқыда яхтаның құны 300 миллион доллар деп бағаланғанымен, кейінгі сарапшылар оның нарықтық құнын 230 миллионға дейін төмендеткен, деп жазады Ertenmedia.kz.
Amadea-ның тарихы бір ғана сән мен байлықтың символы емес, санкциялық саясаттың да көрінісі іспетті. 2022 жылы АҚШ-тың сұранысымен яхта Фиджиде ұсталып, кейін Сан-Диегоға жеткізілген.
Тергеушілердің мәліметінше, кеме ресейлік олигарх Сүлейман Керимовтың мүлкі саналған. Керимов Ресей билігіне жақын, Кремльдің қаржылық тетіктеріне ықпал ететін санаулы жандардың бірі. Сондықтан Amadea тәркіленген соң АҚШ оны үш жыл бойы күтіп-баптап, соңында сот шешімімен сатуға рұқсат алған.
Мұндай алып яхтаны ұстап тұру мемлекетке ауыр салмақ түсірген. Әр ай сайын шамамен 1 миллион доллар салық төлеушілердің есебінен кеме қызметіне, экипаж жалақысына, отын мен сақтандыруға қаржы жұмсалған.
Үш жыл ішінде бұл шығын 30 миллион доллардан асып кеткен. Сондықтан сот яхтаны саудаға шығарып, сатып жіберді.
Немістің әйгілі Lürssen верфінде жасалған яхта алты палубадан тұрады. Ішінде бассейн, джакузи, екі SPA-аймақ, жеке кинотеатр, тікұшақ тұрағы, конференц-зал, фитнес орталық, тіпті лобстерге арналған аквариум бар.
Кеменің ортасында қолмен боялған және 24 карат алтынмен әшекейленген Pleyel роялі орнатылған. Тергеу деректеріне қарағанда, Керимовтың отбасы арнайы тапсырыспен пицца пісіретін пеш пен массажға арналған спа-кереует орнаттырған, ал экипаж мүшелерінің бірі миллиардердің сүйікті кроссовкасын әрдайым қасында ұстауға міндеттелген.
АҚШ-тағы сот процесі кезінде «Роснефть» экс-басшысы Эдуард Худайнатов яхтаның шын иесі өзі екенін айтып, сатуға қарсы шыққан. Ол кемені кемінде 230 миллион доллардан төмен бағада сату «зиян келтіреді» деп шағым түсірген.
Алайда сот оны номиналды тұлға деп танып, шағымды қабылдамаған. Себебі Худайнатов санкция тізімінде тұрғандықтан, сотқа келмеген және оның Керимовтың атынан әрекет еткені анықталған.