Қазақстанда білім беру жүйесін жаңғыртуға бағытталған «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» жобасы нақты нәтиже беріп келеді. Оқу-ағарту министрлігі іске асырып отырған бұл бастама жаңа буын басқарушыларын даярлауға бағытталған, деп жазады Ertenmedia.kz.
Бүгін Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова жобаның қорытынды кезеңінен өткен педагогтермен кездесіп, кадрлық резервке енген қатысушыларға сертификаттар табыстады.
Биыл жобаға қатысқан 411 үміткер қорытынды бағалаудан өтіп, әңгімелесуге шақырылған. Нәтижесінде 403 педагог кадрлық резерв құрамына енгізілді.
Министр кездесуде білім беру жүйесін дамыту бағыттарына тоқталды. Оның айтуынша, соңғы жылдары білім сапасын арттыру, кадрлық әлеуетті күшейту, инфрақұрылымды жаңарту және цифрландыру бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Басты өзгеріс басқару деңгейінен басталуы тиіс деген ұстаным айтылды.
«Білім жүйесіндегі трансформация ең алдымен басшылық құрамның өзгеруінен басталады. Қазіргі мектеп басшылары стратегиялық ойлайтын, жағдайға бейімделе алатын және нақты шешім қабылдайтын көшбасшы болуы керек», – деді Жұлдыз Сүлейменова.
Министр білім берудегі үш негізгі факторды атап өтті. Ол – құндылық, қабілет және әрекет. Әрбір мектеп басшысы осы үш бағытты ұштастыра отырып, оқу процесін тиімді ұйымдастыра білуі тиіс.
Сонымен қатар ол қазіргі цифрлық кезеңде жасанды интеллект технологияларын білім беру жүйесіне дұрыс енгізу қажеттігін айтты. Осы бағытта мектеп басшыларына арналған «ЖИ дәуіріндегі табысты мектеп» моделі ұсынылды.
Жоба аясында қатысушылар үш кезеңнен өтті. Базалық, сараптамалық және кәсіби дайындық деңгейлері арқылы олар басқару дағдыларын жетілдірді.
Айта кету керек, 2023-2024 жылдары бұл жоба бойынша 583 педагог кадрлық резервке енген. Соның ішінде 419-ы немесе 71 пайызы түрлі басшылық қызметтерге тағайындалған.
Жобаның тағы бір маңызды артықшылығы – резервке енген педагогтер бос басшылық қызметтерге конкурстық рәсімдерсіз тағайындалу мүмкіндігіне ие.
Бұл бастама білім саласында жаңа басқару мәдениетін қалыптастырып, мектептердің тиімділігін арттыруға бағытталған жүйелі қадам ретінде бағаланып отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







