АҚШ Конгресінің Өкілдер палатасы Қазақстанның Республика күніне орай арнайы мәлімдеме жасап, екі ел арасындағы стратегиялық әріптестіктің маңызын атап өтті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Америкалық конгрессмендер Билл Хайзенга, Роберт Адерхольт, Джимми Панетта, Том Суози және Сидней Камлагер-Дав Қазақстанды сенімді әрі болжамды серіктес ретінде бағалады. Олардың айтуынша, тәуелсіздік жылдарында еліміз бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтауда маңызды нәтижелерге қол жеткізген.
Мәлімдемеде Қазақстандағы демократиялық институттарды дамыту, заң үстемдігін нығайту және ашықтықты арттыру бағытындағы реформаларға қолдау білдірілді. Сонымен қатар Қазақстанның ядролық қарусыздану мен дінаралық диалогтағы рөлі ерекше атап өтілді.
Әсіресе Астанада өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII съезі жаһандық бейбітшілікке қосылған маңызды үлес ретінде бағаланды.
Конгресс өкілдері экономикалық және энергетикалық әріптестікке де тоқталды. Chevron, Wabtec сияқты америкалық компаниялардың Қазақстандағы жобалары екі ел арасындағы байланысты нығайтып, өндірістік әлеуетті арттыруға ықпал етіп отыр.
Сонымен қатар АҚШ заң шығарушылары Қазақстанға «Тұрақты қалыпты сауда қатынасы» мәртебесін беру және Джексон-Вэник түзетуінің күшін жою бастамасын қолдайтынын мәлімдеді. Бұл қадам сауда және инвестициялық қатынастарды жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.
Жалпы, америкалық тарап өзара құрмет пен ұзақ мерзімді серіктестік АҚШ пен Қазақстан арасындағы қатынастың негізгі өзегі болып қала беретінін атап өтті.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







