Қазақстан мен Финляндияның энергетика саласындағы ынтымақтастығы жаңа деңгейге көтерілмек.
ҚР Энергетика министрлігінде вице-министр Санжар Жаркешов Финляндия экономика және еңбек министрлігінің тұрақты хатшысы Тимо Яатиненмен және бірқатар фин компанияларының өкілдерімен кездесті, деп хабарлайды Ertenmedia.
Кездесуде екі елдің энергетика саласындағы серіктестігі мен бірлескен инвестициялық жобалар талқыланды. Финляндия тарапынан келіссөзге EastCham Finland, Wärtsilä, Finnvera және Nurminen Logistics компанияларының өкілдері қатысты.
Вице-министр Санжар Жаркешов Қазақстанның энергетика саласындағы фин әріптестерімен байланысты нығайтуға ерекше мән беретінін атап өтті.
Оның айтуынша, еліміз энергия үнемдеу, жаңартылатын қуат көздерін дамыту, сондай-ақ энергия инфрақұрылымын жаңғыртуда Финляндияның тәжірибесіне ерекше қызығушылық танытады.
«Министрлік финдік Wärtsilä компаниясымен бұрыннан жақсы байланыста. Біз осы әріптестікті одан әрі тереңдетуге және энергетикалық саладағы тұрақты жобаларға инвестиция тартуға дайынбыз», – деді вице-министр.

Тараптар сонымен қатар «жасыл экономикаға» көшу және көміртегінен арылу саласындағы бірлескен бастамаларды да талқылады. Бұл бағыт Қазақстанның 2060 жылға қарай көміртекті бейтарап елге айналу мақсатына сай келеді.
Кездесу барысында Қазақстан мен Финляндияның энергетика министрліктері арасында президент Стуббтың Қазақстанға жасаған сапары кезінде қол қойылған меморандум нәтижелері де қаралды.
Құжатты іске асыру мақсатында екіжақты жұмыс тобы құрылған. Оның алғашқы отырысы былтыр өтіп, биыл нақты жобалар мен өзара іс-қимыл тетіктерін талқылау үшін келесі жиын жоспарланып отыр.
Келіссөз қорытындысында тараптар бұл кездесу Қазақстан мен Финляндияның энергетика саласындағы өзара түсіністігін тереңдетіп, ынтымақтастықты дамыту үшін берік негіз болады деген сенім білдірді.

