Қазақстанда балаларды жан-жақты қолдау мақсатында «Сәтті бастау» бағдарламасы іске қосылады. Астанада өткен «Қазақстандағы әрбір бала үшін – жарқын бастау» халықаралық конференциясы аясында үкіметтің үш бірдей министрлігі ЮНИСЕФ-пен бірлесіп, 2025–2027 жылдарға арналған кешенді жоспарға қол қойды, деп хабарлайды Ertenmedia.
Конференция жұмысына ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы басшысы доктор Рашед Мустафа Сарвар, сондай-ақ 8 мемлекеттен келген халықаралық ұйым өкілдері, ғалымдар мен сарапшылар қатысты.
«Сәтті бастау» жоспарының негізгі мақсаты бала дүниеге келген сәттен бастап оны жан-жақты қолдап, дамытудың толық жүйесін қалыптастыру.
Жоспар алты негізгі бағытты қамтиды.
Олар заңнаманы жетілдіру, мемлекеттік органдар арасындағы байланысты нығайту, мамандардың кәсіби деңгейін көтеру, мектепке дейінгі білім берудің қолжетімділігін арттыру, тұрақты қаржыландыруды қамтамасыз ету және ерекше білім қажеттіліктері бар балалар мен олардың отбасыларына қолдау көрсету.
Құжатта сондай-ақ ведомствоаралық қарым-қатынасты реттейтін бірыңғай цифрлық платформаны дамыту, ата-аналардың психологиялық және әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған стандарттар мен бағдарламаларды енгізу шаралары қарастырылған.

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова конференцияда сөз сөйлеп, мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ана мен баланың денсаулығын жақсарту, аурулардың алдын алу, дер кезінде диагностикалау, инновациялық технологияларды енгізу және балаларға арналған медициналық инфрақұрылымды жаңғырту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті.
«Қазіргі таңда Қазақстанда 7 миллионға жуық бала бар. Яғни еліміздегі әрбір үшінші азамат бала. 2020 жылдан бастап балаларға көрсетілетін медициналық көмекке бөлінетін қаржы екі есеге жуық артып, 264 млрд теңгеден 670 млрд теңгеге жетті. Бұл денсаулық сақтау саласы бюджетінің төрттен бірі.
Осындай нақты қолдау шараларының арқасында нәресте мен бала өлімі тарихи төмен деңгейге жетті. Мың тірі туған балаға шаққанда неонаталдық өлім 3,37, нәресте өлімі 6,80, ал жалпы бала өлімі 9,30 деңгейінде.
Дегенмен, біздің мақсатымыз тек өлім-жітімді төмендету емес, ең алдымен, әр баланың сапалы өмір сүріп, білім алып, маман болып қалыптасуына жағдай жасау», – деді министр.
Соңғы жылдары денсаулық сақтау министрлігі балалардың дамуындағы ауытқуларды, соның ішінде аутизм спектрінің бұзылуын ерте анықтауға және емдеуге ерекше көңіл бөліп отыр.
Бұл бағытта кешенді жұмыс жүргізілуде: Денсаулық сақтау министрлігі бала денсаулығын ерте жастан қадағалап, оңалту қызметтерін көрсетсе, Оқу-ағарту министрлігі педагогикалық түзету шараларын ұйымдастырып, жеке білім беру бағдарламасын әзірлейді. Ал Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі отбасына жан-жақты қолдау көрсетіп, әлеуметтік оңалтуды қамтамасыз етеді.
Қазіргі таңда елімізде балаларға логопедиялық, психологиялық және оңалту көмегін көрсететін 240 арнайы орталық жұмыс істеп тұр. 2025 жылдан бастап ЮНИСЕФ қолдауымен ерте жастағы балалардың даму көрсеткіштерін мониторинг жасайтын арнайы жүйе іске қосылған.
«Біздің мақсатымыз барлық бала мен жүкті әйелдерді әмбебап патронаж қызметімен толық қамту. Оның ішінде 30 пайызға жуығына жан-жақты кеңейтілген көмек көрсету және дамуында ауытқуы бар 15 пайыз баланы терең мониторинг арқылы бақылауға алу. Осы мақсаттарға сәйкес жаңа тұжырымдама мен педиатрия стандарттары әзірленді», – деді Ақмарал Әлназарова.

Министрдің айтуынша, бүгін қабылданған «Сәтті бастау» жоспары балалардың құқығы мен денсаулығын қорғауда жаңа кезеңнің басталуына жол ашады. Құжат ведомствоаралық байланыстарды нығайтуға, нормативтік базаны жетілдіруге және балалар мен отбасыларға арналған қызметтердің сапасын арттыруға берік негіз болады деп күтілуде.

