Қазақстан премьер-лигасындағы футбол клубтарына биыл бюджеттен 32 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінген, деп хабарлайды Ertenmedia.
Футбол маусымы аяқталысымен аймақтардың командаларға қанша ақша жұмсағаны белгілі болды. «Дядя Ваня» Telegram-арнасының дерегінше, биыл өңірлік спорт басқармалары клубтарды «асырауға» 26,7 миллиард теңге бөлген.
Бұған «Астана» клубын қаржыландыратын Sport Qory квазимемлекеттік қорының шығындарын қоссақ, көрсеткіш 31,9 миллиард теңгеге ($59,4 млн) жеткен.
Бюджетке ең үлкен салмақ түсірген клуб «Ақтөбе» (4,43 млрд теңге). Екінші орында шымкенттік «Ордабасы» (3,55 млрд теңге), одан кейін тұңғыш рет Конференциялар лигасына жолдама алған семейлік «Елімай» (2,77 млрд теңге) тұр.
Биыл чемпион атанған «Қайрат» бюджеттен ең аз қаражат алған командалардың бірі. Алматы әкімдігі бөлген 750 млн теңге негізінен клубтың жастар және балалар құрамдарына бағытталған. Команданың негізгі бюджеті кәсіпкер Қайрат Боранбаевтың жеке қаржысынан қалыптасады.
Sport Qory қорының есебінен қаржыландырылатын елордалық «Астана» клубына жыл сайын шамамен 5,3 млрд теңге ($9,8 млн) беріледі екен. Команда маусымды екінші орынмен аяқтады. Нақты сома келесі жылдың көктемінде жарияланады.
Келер жылдан бастап Қазақстан премьер-лигасы 16 клубқа дейін кеңейеді. Түркістандық «Тұран» элитадан шығып қалса, жоғары дивизионға «Каспий», «Ертіс» және «Алтай» қайта оралады.
Өңірлер бөлген қаражаттың көлемі келесідей: «Ақтөбе» 4,43 млрд тг, «Ордабасы» 3,55 млрд, «Елімай» 2,77 млрд, «Қызылжар» 2 млрд, «Жеңіс» 1,94 млрд, «Қайсар» 1,92 млрд, «Тобыл» мен «Атырау» 1,9 млрд теңгеден, «Оқжетпес» 1,8 млрд, «Жетісу» 1,75 млрд, «Қайрат» 750 млн, «Ұлытау» 744 млн теңге жұмсаған.

 
		
