М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің басқарма төрағасы-ректоры Ербол Исакаев Аризона университетімен ынтымақтастықтың нәтижелері мен жаңа кезеңдері туралы айтты, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Оның айтуынша, Қазақстан Президентінің бастамасымен іске асқан бұл серіктестік еліміздің жоғары білім беру жүйесін және ғылыми зерттеулерді дамытудағы маңызды қадам болды.
Бүгінде бірлескен білім беру бағдарламалары бойынша 1200-ден астам студент білім алып жатыр. Жалпы университеттегі студенттер саны 6,5 мыңға жетті. Студенттердің географиясы Қазақстанның барлық өңірлерін және бірқатар шетел мемлекеттерін қамтиды.
Ербол Исакаевтың айтуынша, соңғы үш жылда екі университет арасындағы серіктестік білім беру бағдарламаларынан ғылыми жобаларды бірлесіп жүзеге асыру кезеңіне өтті.
Қазір Аризона университетімен және «ҚазМұнайГаз» АҚ-мен бірлесіп, күкіртті экологиялық таза материалдар мен тыңайтқыштарға қайта өңдеу жобасы жүзеге асырылуда. Бұл жоба химия өнеркәсібінің жаңа секторын құруға жол ашады.
Қазақстанда алғаш рет үшінші буын секвенирлеу технологиясына негізделген функционалдық геномика бойынша бірегей курс іске қосылды. Бағдарлама аясында еліміздің ғылыми-зерттеу институттары мен жоғары оқу орындарының 10 ғалымы дайындықтан өтті.
Бұл технология геном құрылымын толық анықтауға және өнімділікке, күйзеліске төзімділікке, өнім сапасына жауап беретін гендерді дәл табуға мүмкіндік береді.
Бұл өз кезегінде жаңа төзімді ауыл шаруашылығы дақылдарын шығаратын селекционерлер мен генетиктердің жаңа буынын даярлауға жол ашады. Солтүстік Қазақстан облысының басшылығы ғылыми зерттеулерді қолдау үшін мал шаруашылығы, өсімдік шаруашылығы және агросектордағы цифрлық шешімдерді сынақтан өткізу мақсатында 500 гектар жер бөлді.
Бұдан бөлек, Аризона университетінің профессоры Джеффри Пьюна жетекшілігімен элементар күкірттен инновациялық полимерлік материалдар жасау жобасы іске асырылып жатыр.
Сондай-ақ университет су ресурстары, агрогеномика, биоинформатика және сирек кездесетін жануарлар мен өсімдіктердің генетикалық қорын сақтау бағыттарында да зерттеулер жүргізуде.
Ербол Исакаев мұндай жобалар аймақтық университеттердің ғылыми экожүйе қалыптастырудағы және білім экономикасын дамытудағы әлеуетін көрсететінін, әрі бұл университеттерді Қазақстанның тұрақты өсуінің негізгі қозғаушы күшіне айналдыратынын атап өтті.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







