Ақтөбе облысында шенеунік шөп шабуға жер телімін беремін деп пара алған, деп хабарлайды Ertenmedia.
Ырғыз ауданының жер қатынастары бөлімінің басшысы Медет Бердалин жергілікті тұрғыннан шабындық үшін жер телімін рәсімдеуге көмектесемін деп 300 мың теңге талап еткен.
Сот дерегіне сүйенсек, шенеунік тұрғынмен кабинетте емес, көшеде кездесіп, сұраған ақшасын сол жерде айтқан. Бердалинге ақша бергісі келмеген азамат бірден Ұлттық қауіпсіздік комитетіне арыз түсірген.
Кейін ҰҚК қызметкерлері пара беру сәтін құжаттап алған.
2025 жылдың қыркүйегінде Бердалин әйелі атына ашылған банк шотына алдымен 200 мың, кейін 100 мың теңге алған. Тергеу барысында шенеунік ақшаны отбасының қажеттілігіне жұмсап жібергенін айтқан.
Сот Бердалинді «пара алу» бабымен кінәлі деп танып, алған ақшасынан 30 есе артық көлемде – 9 млн теңге айыппұл салды. Сондай-ақ өмір бойына мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырды.
Алайда оның мүлкі тәркіленген жоқ, тергеу кезіндегі қамауда болған күндері есептеліп, айыппұл мөлшері 8,6 млн теңгеге дейін азайтылды.
Бердалин сот отырысында кінәсін толық мойындап, істеген ісіне өкінетінін айтты. Үкім жарияланғаннан кейін ол сот залынан босатылды.
Айта кетелік, бұған дейін осы облыстағы Шалқар аудандық сәулет және құрылыс бөлімінің басшысы Шұға Сәдуақасова пара алғаны үшін жеті жылға сотталған еді.
Тұшымды контентті Ertenmedia-ның телеграм арнасынан оқыңыз.
Шұғаның белгісі: бөлім басшысына жеті жыл, әкімге қатаң ескерту

		