Желідегі қауым ЛҒБТ туралы біртүрлі пікір білдірген «Жұрттың баласы» арнасының авторына бойкот жариялап жатыр деп жазады Ertenmedia.
Бұған дейін Мәжіліс депутаттары «ЛҒБТ-ның үгіт-насихатына тыйым салу туралы» заң жобасын ел назарына ұсынған.
«Жұрттың баласы» атты Youtube арнаның авторы Мұрат Данияр әлгі бастамаға күмән келтіріп, «мемлекет шынайы мәселеге көңіл бөлуі керек» деген сыңаржақ пікір білдірген екен.
Ол депутаттардың әрекетін «балаларды қорғау деген желеумен жасалған манипуляция» деп бағалап, «Қазақстанда мұндай насихат мүлде жоқ» деп отыр.
«Әлемде ЛҒБТ насихатына тыйым салатын заң санаулы елде ғана бар. Мәжілістің 15 депутаты талқыға салып отырған заң жобасы мемлекеттің өзін қысым мен кемсітудің ошағына айналдыратын түрі бар. Әрине, бәрі де «балаларды қорғау» ұранымен бүркемеленуде. Қазақстанда әлгіндей ұран жоқтың қасы. Мұны мен жүргізген сауалнама қатысушылары да растап отыр», — дейді Мұрат Данияр.
Блогердің пікірі желідегі консервативті көзқарасты ұстанатын қауымның шамына тиіп, наразылығын тудыруда. Көпшіліктің пікірінше, автор қоғамның төл құндылықтарды қорғау туралы талабын жоққа шығарып, оның маңыздылығын әдейі төмендетіп отыр.
Желі қолданушылары авторды «қазақтілді қауымның шынайы көңіл-күйін түсінбейді» және «Батыстың ұстанымын мақсатты түрде таңып отыр» деп айыптауда. Пікір жазушылардың басым көпшілігі ұлттық мәдениет пен моральдық құндылықты қорғауды шынайы әрі өзекті мәселе деп санайды.

«Халықтың талабын жоққа шығаруға ешкімнің құқы жоқ. Сізден көңіліміз қалды. Дәлеліңіз тым әлсіз. ЛҒБТ қозғалысын жақтап, елді шатастырып отырсыз. Қазақстанда ЛҒБТ өкілдерін шектеу туралы әңгіме жоқ. Әңгіме тек сол нәрсені насихаттауға тыйым салу жөнінде болып отыр. Олардың жеке құқығын ешкім таптап жатқан жоқ, оған ешкімнің ниеті де жоқ», – деп жазған екен пікір білдіргендердің басым бөлігі. Енді біреулер блогер осы арқылы Батыс пен АҚШ-тың грантынан дәметіп отырғанын да тілге тиек етіпті.
«Автор қалың бұқараның дәстүрлі тәрбие мен отбасылық құндылықтарға деген сұранысын түсінбесе, мұндай мәселеге тұмсық тықпауы тиіс. Бала тәрбиесі барша қазақты алаңдататын мәселе. Әлгіндей идеология баланың санасына кіріге бастағанда, бүтін бір мемлекеттің шаңырағы шайқалады», — дейді тағы бір топ.
Желі қолданушылары автордан өзге пікірлерге құрметпен қарап, халықтың алаңдаушылығын ескеруді талап етуде.

Түнеукүні Мәжілісте ЛҒБТ-ны насихаттауға тыйым салуды көздейтін заң жобасы талқыланған еді. Депутаттар мұны ұрпақ тәрбиесін қорғау мен ұлттық құндылықтарды сақтау үшін қажет деп түсіндірген.
Депутат Еділ Жаңбыршин «ЛҒБТ-ға емес, оның пропагандасына тыйым салу керек» деп мәселенің ара-жігін ажыратып берген болатын.
«Сіз басқа ориентация өкілі болсаңыз да, ешкім сізді соттап жатқан жоқ. Қоғамда еркін жүресіз, ешкімнің сіздің құқығыңызға қол сұғатын ниеті жоқ. Біз ұлттық ұстанымға қарсы ұранға жол бермеуіміз керек», – деген еді Жаңбыршин.

