Цифрлық дәуірдің мүмкіндігін тиімді пайдаланған Қазақстан бюджетіне әлемдік IT-компаниялардан түскен қаржы 118,4 млрд теңгеге жетті деп жазады Ertenmedia.
2022 жылы енгізілген «Google салығы» аясында бүгінде елімізде 118 шетелдік компания тіркелген. Олар қазақстандық пайдаланушыларға көрсеткен қызметі үшін 12% мөлшерінде ҚҚС төлеуге міндетті.
2025 жылы тағы 20 компания тіркеліп, олардың арасында ChatGPT әзірлеушісі OpenAI, дизайн саласында әйгілі Canva, Microsoft Ireland Operations, танымал шахмат платформасы Chess.com және Canyon Bicycles спорттық велосипед өндірушісі бар.
Биыл бюджетке осы компаниялардан түскен салық көлемі 48,6 млрд теңгені құрап, өткен жылдан 20 млрд теңгеге артқан.
Цифрлық салықты төлеуден көш басында тұрған компаниялар:
- Valve Corporation (Steam) 8,6 млрд теңге;
- Apple 8 млрд теңге;
- Temu 6,2 млрд теңге.
«Google салығы» бюджет кірісінің жаңа көзі ғана емес, шетелдік және отандық компаниялар арасындағы әділ бәсекелестікті қамтамасыз ететін тиімді құрал.
Бұған дейін шетелдік сервистер Қазақстанда жұмыс істегенімен, бюджетке салық төлемей келсе, қазір осы әділетсіздік жойылып, нарықтағы ойын ережесі теңестірілді.
Осындай салық түрі бүгінде Еуроодақ, Ұлыбритания, Жапония мен Аустралия сынды дамыған елдердің бәрінде дерлік қолданыста бар. Бектенов үкіметі осы мәселеде халықаралық стандарттарға сай жұмыс істеп отыр.
Қаржымин жүйені әрі қарай жетілдіре беретінін айтады. Мемкірістер комитеті ҚҚС төлеуге тіркелмеген шетелдік компаниялардың Қазақстан аумағында бұғатталатынын ескерткен болатын.
Тұшымды контентті Ertenmedia-ның телеграм арнасынан оқыңыз.

