1998 жылы дүниеге келген астаналық пара спортшы Ақназар Муталипов мұны өз тәжірибесінде дәлелдеді. 2018 жылы темір жолда жұмыс істеп жүргенде ол ауыр өндірістік жарақат алып, бір қолы мен бір аяғынан айырылды. Бірақ бұл жағдай оның өмірге деген құлшынысын тоқтата алған жоқ.
Бүгінде Ақназар – пара жүзуден Астана қаласының спортшысы, ел мақтанышы. 2024 жылы ол Таразда өткен ел чемпионатында алтын медаль жеңіп алып, VII Спартакиадада күміс жүлдегер атанды. Ал биыл Балқаш көлін бір жағасынан екінші жағына дейін 20 шақырымды 13 сағатта жүзіп өтіп, Әлемдік рекордтар кітабына енді. Бұған дейін Бурабай көлін 2,5 сағатта жүзіп өткен болатын.
Қайсар мінезі мен мықты рухының арқасында Ақназар бүгінде мыңдаған адамға шабыт беріп жүр. Біз спортшымен оның өмір жолы мен жаңа мақсаттары туралы сөйлестік.
— Ақназар, пара спортқа қалай келдіңіз?
Мен спортқа кішкентайымнан жақын едім. Мектепте күреспен айналысып, түрлі жарыстарда жүлделі орындарға ие болып жүрдім. Ал пара спортқа алғаш рет 2021 жылы келдім. Сол кезде волейболды отырып ойнаумен айналыстым. Волейбол өзіме ұнады, бірақ бір нәрсе жетіспейтіндей болды, өз орным емес екенін сезіндім. Кейін бассейнге бардым. Суда өзімді мүлде басқа адамдай сезіндім — жеңіл, еркін, тіпті ешқандай шектеу жоқтай. Осылайша пара жүзуге біржола бет бұрдым.
2024 жылы Таразда өткен пара жүзуден Қазақстан чемпионатында алғаш рет жарысқа қатыстым. 400 метрге жүзуде қобалжығаныммен, өзімді жеңіп, алтын медаль иелендім. Сол сәтте өзімнің қолымнан бәрі келетінін түсіндім. Бұл менің өмірімдегі үлкен серпіліс болды. Ал биыл VII Спартакиадада күміс медальға ие болдым.
— Балқаш көлін жүзіп өту идеясы қалай туды?
Бәрі Бурабайдан басталды. Сол көлді 2,5 сағатта жүзіп өткен соң, өз мүмкіндігіме сенімді болдым. Содан кейін өзіме жаңа мақсат қойдым — Балқашты бағындыру. Бұл оңай болған жоқ, ұзақ дайындықты қажет етті.
Бастапқыдан-ақ мен бұл жүзісті жай ғана сынақ емес, ресми рекорд ретінде тіркеуді мақсат еттім. Ол үшін бәрін дұрыс ұйымдастыру керек болды — нәтижені нақты және үздіксіз бейнежазбаға түсіру шарт еді. Техникалық тұрғыда бұл өте қиын болды. 13 сағат бойы тоқтаусыз түсіретін команда табу оңайға соқпады.
Сөйтіп, мен арнайы түсірілім тобын жинадым. Олар қайыққа мініп, менімен бірге Балқаштың толқындарын бойлай жүріп, бүкіл процесті бейнекамераға түсіріп отырды.
Дайындық барысында жалғыз ескерілмей қалған жайт — тамақтану мәселесі болды. Тәжірибенің аздығынан бұл тұсты дұрыс жоспарламаппын. Жол бойы қолданатын тағам тым сұйық болып шықты, сондықтан жүзістің соңына қарай әлсірей бастадым. Бірақ қиын болса да тоқтағым келген жоқ.
Сол сәтте мен үшін басты мақсат — Балқашты бағындыру ғана емес, өзіме өзім дәлелдеу болды. Адам шын ниеттенсе, ештеңе де мүмкін еместей көрінбейді. 13 сағаттық жүзіс менің өмірімдегі ең ауыр, бірақ ең қуанышты сынақтардың бірі болды.
— Балқашты жүзіп өту секілді ерекше жетістікке жеткеннен кейін сіздің есіміңіз Әлемдік рекордтар кітабына енді. Бұл үлкен мақтаныш! Сол сәт қалай өтті? Рекордты тіркеу процесі қандай болды?
Рақмет! Шынында да, бұл мен үшін үлкен мәртебе. Жүзуден кейін бұқаралық ақпарат құралдары мені кеңінен қолдады — сұхбаттар, сюжеттер, мақалалар көп шықты. Сол арқылы мен Әлемдік рекордтар кітабының өкілімен байланыс орнаттым.
Ережеге сай, әр сәт бейнекамераға нақты және үздіксіз жазылуы тиіс. Біз барлық материалды жинап, жібердік. Біраз уақыттан кейін ресми растау келді — рекорд тіркелді! Ол сәттегі қуанышымды сөзбен жеткізу қиын.
Осы жолда маған үлкен демеушілік көрсеткен «Форте Банкке» ерекше алғыс айтам. Олардың қолдауының арқасында бәрі жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
— Алдағы мақсаттарыңыз қандай?
Қазір Гиннесс рекордтар кітабына өтінім бердім. Бұл ұзақ процесс, бірақ сенемін – бәрі сәтті болады. Ең басты мақсатым – Қазақстанның атын әлемге таныту және адамдарға мотивация беру. Егер адам өзіне сеніп, еңбек етсе, алынбайтын шың жоқ.

