Атырауда бүтін бір отбасыны қырып салды деп айыпталған Сұлтан Сәрсемәлиевтің ісі бойынша сот процесі басталды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Тергеу мәліметінше, күдікті жоспарын бірнеше кезеңге бөліп жүзеге асырған. Алдымен әйелінің туған бауыры Наурыздың өмірін қиған. Ал жарты жылдан соң ата-енесі мен қайын әпкесін өлтірген. Әулеттің ет жақындары соттың басталуын сарыла күткенін айтады. Олар соттан тек әділ шешім талап етіп отыр.
«Бізге керегі? Бізге керегі әділдік. Осы күнді өте ұзақ күттік. Ол (Сәрсемәлиев, ред.) кінәсін толық мойындады. Бәрі әділ әрі таза өтсе екен», – дейді қаза тапқан Мақсұт Мұқанғалиевтің әпкесі Әсила Мұқанғалиева.
Ағайын-туыстарының айтуынша, әлгі оқиғадан кейін «күйеубаланың» отбасы олармен байланысқа шықпаған, алдына жығылып, кешірім де сұрамаған. Сараптама нәтижесі бойынша, Сәрсемәлиевтің ақыл-есі дұрыс деп танылған.
Мақсұт Мұқанғалиевтің тағы бір әпкесі Әдемі Шалмағамбетова айыпталушының жұбайы Ақбаянның қазіргі хәл-ахуалы туралы ақпарат берді.
«Қазір психиатриялық ауруханада ем-дом алып жатыр. Оған ешкімді кіргізбейді. Тек ас-суы мен қажетті заттарды ғана беріп жібереміз», – деді ол.
Мал ұстап, пенсиямен күн көрген қарапайым отбасы еді…
Туыстары азаппен өлген отбасының қоңыртөбел, ортаңқол өмір сүргенін айтады. «Мал ұстап, зейнетақымен күн көрген қарапайым отбасы-тұғын. Елден ілгері де емес, кейін де емес, орташа тірлік кешіп еді», – дейді олар.

Сот процесінің ә дегендегі алғашқы отырысын судья Зәрема Хамидуллина жүргізіп жатыр.
Сәрсемәлиев? Тергеу дерегінше, «күйеубала» отбасы мүшелерін тегіс өлтірген соң, қорадағы ұсақ мал мен ірі қараны сатып, банктегі азын-аулық ақшаны шешіп, елден қашқан. Оған екі немесе одан көп адамды өлтіру; ұрлық-қарлық жасау; алаяқтық әрекеттер дейтін бірнеше бап бойынша айып тағылып отыр.
Ал оның жұбайы Ақбаян Мұқанғалиеваның қылмысқа қатысы бары дәлелденбеген, оның үстінен әзір бөлек тергеу жүруде. Оған қылмыс туралы хабарламады деген айып тағылуда. Полиция оның психикалық жай-күйіне қатысты сараптама нәтижесін күтуде.
Контекст
Айта кетейік, Атырау облысы Жангелдин ауылында тұратын Қарабалиндер отбасы 2025 жылдың соңында із-түссіз жоғалып кеткен. Кейін 66 жастағы Мақсұт Қарабалин мен әйелі Нәсіп Өтешқалиеваның сүйегі үйінің ауласындағы сарайдың астынан табылған еді.
Сәрсемәлиев әйелімен бірге халықаралық іздеуге жарияланып, осы жылдың ақпанында Индонезияның Бали аралында ұсталған. Қазақстанға қайтарылған Сәрсемәлиев марқұмдардың ұл-қызының сүйегі жасырылған орынды да көрсетіп берген. Олардың мәйіті Атырауға жақын маңдағы жалға алынған үйдің ауласынан табылған еді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







