Атырау облысында бүтін бір отбасыны өлтірді деп айыпталған Сұлтан Сәрсемәлиевке қатысты сот процесі жалғасуда. Сотта прокурор Мирас Бауржанов күдіктінің қылмысты қалай жасағаны жайлы тың деректерді жария етті, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Алғашқы құрбан Наурыз Мұқанғалиев. Прокурордың айтуынша, күдікті оны өлтіргеннен кейін марқұмның атына мобильді қосымша арқылы 4 миллион теңге несие рәсімдеген. Артынша Наурыздың телефонынан WhatsApp арқылы Нәсіп Өтешқалиеваға хабарлама жазып, 350 мың теңге сұратқан.
Ақшаны аудан мен Атырау арасында такси қызметін көрсететін азамат арқылы алдырып, кейін терминалмен марқұмның нөміріне салдырған.
Қараша айында Сәрсемәлиев әйелі және бір қызымен Жангелдин ауылына қонаққа барған. Туыстар арасында ұрыс-керіс өрши түскен.
Прокуратураның мәлімдеуінше, күдікті аулада үй шаруасымен жүрген Нәсип Өтешқалиеваны көріп, оған пышақпен шабуыл жасаған. Ізін жасыру үшін дереу қораның ішінен бір жарым метрге жуық шұңқыр қазып, мәйітті сонда жасырған. Үстін линолеуммен жауып, ештеңе болмағандай күтіп отырған.
Осы кезде үйге кірген қайын атасы Мақсұт Қарабалинге де тап беріп, арқасынан, кеудесінен және қолдарынан бірнеше рет пышақ сұғып, сол жерде өлтірген. Оның денесін де дәл сол шұңқырға жасырған.
Алғашқы болып қайтыс болған Наурыз Мұқанғалиевті күдікті үйдің оңтүстік-батыс бөлігіндегі қоршауға жақын жерге, түн ішінде қазған терең шұңқырға көмген. Алдында марқұмның қалтасынан жеке куәлік, «Қазпошта» банк картасын, бағасы шамамен 50 мың теңге тұратын Samsung A21 телефонын және 3 мың теңге ақшасын алған.
Сот-медициналық сараптама қорытындысына сәйкес, Наурыз Мұқанғалиев 2025 жылдың мамырында, ал қалған үш адам сол жылдың қарашасында көз жұмған.
Қазір Сәрсемәлиевке қатысты бірнеше бап бойынша іс қозғалған:
- екі және одан көп адамды өлтіру;
- бөтеннің мүлкін ұрлау (ұрлық);
- алаяқтық әрекеттер (мал сату, банк карталарынан ақша алу).
Сот отырысын судья Зарема Хамидуллина ашық форматта жүргізуде. Істі бақылауға және хабар таратуға Қазақстанның әр өңірінен БАҚ өкілдері келіп отыр. Ал оның жұбайы Ақбаян Мұқанғалиеваның қылмысқа қатысы бары дәлелденбеген, оның үстінен әзір бөлек тергеу жүруде. Полиция оның психикалық жай-күйіне қатысты сараптама нәтижесін күтуде.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







