Атыраудың құрылыс саласындағы кадрлық өзгерістер жалғасуда, деп хабарлайды Ertenmedia.
Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының жоспарлы-экономикалық бөлімін басқаруға Ернар Қадырбай тағайындалды.
Қадырбай мемлекеттік қызметте мол тәжірибе жинаған. Ол еңбек жолын 2019 жылы облыстық жастар саясаты басқармасында методист ретінде бастап, кейін жастар мен әлеуметтік бастамаларды қолдау, сондай-ақ қаржы, құқық және ұйымдастыру бөлімдерінде бас маман қызметтерін атқарған.
2021 жылы ішкі саясат басқармасына ауысып, ақпараттық-талдау жұмыстары мен ұлтаралық қатынастар мәселесімен айналысты. Ал биылға дейін облыстық құрылыс басқармасының құрылыс бөлімінде бас маман қызметін атқарып келген еді.
Еске салсақ, қыркүйекте Атырау облысы бойынша ҰҚК департаменті облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының 33 жастағы орынбасары Талғат Бисенді Құрманғазы ауданына іссапардан оралған бойда ұстаған болатын.
Сондай-ақ 30-нан 31-ші қазанға қараған түні Құрманғазы ауданы әкімдігінің жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы өз-өзіне қол жұмсап, көз жұмған еді.

