ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігіне бұқаралық ақпарат құралдарынан түрлі бағыттағы сауалдар жиі келіп түседі. Соның бір парасы – кино саласына қатысты. Бұл отандық киноның дамуына халықтың бейжай қарамайтынын көрсетеді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Кейінгі жылдары қазақ киносының отандық және шетелдік көрермендер арасындағы беделі артып келеді. 2024 жылы ғана қазақстандық фильмдер прокаттан 22 миллиард теңгеден астам табыс тапты. Соңғы бес жыл ішінде отандық фильмдер 300-ден астам халықаралық кинофестивальге қатысып, 177 марапатқа ие болды.
Биыл Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері алғаш рет Канн қаласындағы әлемдегі ең ірі кинонарықтардың бірі – Marché du Film алаңында өз стендін ұсынды. Бұл – қазақстандық продюсерлер мен дистрибьюторлар үшін маңызды оқиға.
Сонымен қатар, «Еуразия» халықаралық кинофестивалі қайта жаңғыртылды. Бұл да отандық кино саласындағы нақты жетістіктердің бірі деуге болады.
Дегенмен, біз үшін фильмдердің тек фестивальдерге қатысуы ғана емес, көрерменге жетуі де маңызды. Биыл еліміздің кинотеатрларында «Тезек», «Фейковый Арман», «Қайтадан» сияқты отандық 10 фильм көрсетілді. «Қайтадан» фильмі прокатта 1 миллиард теңгеден астам табыс тауып, мемлекет тарапынан бөлінген қаржыны толық қайтарды. Бұл – кино өндірісін қолдаудағы саясатымыздың дұрыстығын көрсетеді.
Патриоттық тақырыптағы фильмдер қолдаймыз
Бүгінгі таңда көрермен көбіне жеңіл жанрдағы фильмдерді таңдайды. Осыған байланысты фильмдерді іріктеу кезінде біз енді идея мен сценарийге ғана емес, көрермен сұранысына да мән береміз. 2024 жылдан бастап мемлекеттік қолдау алған әрбір фильм алдымен елдегі кинотеатрларда көрсетіліп, содан кейін ғана онлайн платформаларға шығады. Бұл қадам фильмдердің көрерменге қолжетімділігін арттырады.
Министрлік тарихи және патриоттық тақырыптағы фильмдерге үнемі қолдау көрсетіп келеді. Жақында жарық көрген «Капитан Байтасов» фильмі – осының айқын дәлелі. Халық қаһарманы Ғазиз Байтасовтың ерлігі туралы бұл фильм көрерменге ізгі құндылықтарды насихаттайды.
Тағы бір маңызды жоба – Әлия Молдағұлова туралы «Әлия» фильмі. Былтыр «Microcosm Pictures» ЖШС қаржылық себептермен түсіруден бас тартқан болатын. Дегенмен бұл жоба болашақта міндетті түрде көрерменге ұсынылады деген сенім бар.
Кино өндірісін ашық ету мақсатында е-Кино цифрлық платформасы іске қосылды. Бұл жүйеге кинотеатрлардың жартысы қосылып, фильмдердің табысы, көрермен саны сияқты нақты деректер жиналып жатыр.
Нәтижесінде, биыл мемлекет қолдауына ие болған 57 жобаның 40-ы жас режиссерлерге тиесілі. Қазақ тіліндегі фильмдердің үлесі 75 пайызға жетті.
Кинематография туралы заңға енгізілген өзгерістер бойынша қаржыландырудың 30 пайызы тікелей «Қазақфильм» киностудиясына бөлінеді. Бұл – ұлттық киноның дамуына зор мүмкіндік.
«Қазақфильм» студиясында ұлттық кино қорын цифрландыру, анимацияны дамыту бойынша «Қазақанимация» жобасы да жүзеге асуда.
Министрліктің басты міндеті – автор мен көрермен арасында сенімді диалог орнату.
Сондай-ақ, қоғам тарапынан жиі қойылатын сұрақтардың бірі – режиссер Рүстем Омаровтың «Офсайд» сериалының YouTube платформасынан өшірілуі және Instagram парақшасының бұғатталуы болды. Бұл – нақты бір аккаунтқа қатысты жеке жағдай. Мұндай кезде аккаунт иесі онлайн-платформа әкімшілігіне өзі жүгініп, мәселені шешуі қажет.
Бұдан бөлек, онлайн сериалдарда әдепсіз сөздерді қолдану мәселесі де талқылануда. Қолданыстағы заңнама бойынша мұндай әрекеттер үшін әкімшілік жауапкершілік белгіленген. Жыл басынан бері интернет мониторингі нәтижесінде елуге жуық құқықбұзушылық анықталып, Ішкі істер министрлігіне хабарланды.
Мәдениет және ақпарат министрлігі әрқашан ашықтық пен шығармашылық еркіндікті қолдайды. Алдағы уақытта да кино саласындағы жұмысымыз жалғаса береді. Отандық киноның жетістіктері артып, жаңа биіктерді бағындыратынына сенімдіміз! деп жазады Ertenmedia.kz.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







