Биыл 10 айдағы есепті басшылыққа алсақ, ЖІӨ-нің ең көп үлесі өнеркәсіп саласына тиесілі екенін байқаймыз. Бұл бағытта өсім 7,3% құраған. Осылайша, саланың жалпы өсімдегі мөлшері – 30% құрапты. Егер осы нәтижені сауда және көлік салаларымен қоса есептесек, үлес жалпы мөлшердің 70%-нан асады. Ұлттық статистика бюросының алдын ала дерегі бойынша, жетекші салалардағы өсімнің есесіне қаңтар-қазан айларында елдің жалпы ішкі өнімі былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 6,4%-ға өскен, деп жазады Ertenmedia.kz.
Жалпы, 10 айда тауарлар өндірісі 8,2%-ға, қызмет көрсету 5,3%-ға артқан. Өңдеу өнеркәсібінде өсім 5,8% болды. Бұл меже жекелеген бағыттар бойынша өнім шығарудың ұлғаюы есебінен қалыптасып отыр. Олардың ішінде машина жасау – 11,5%-ға, автомобиль құрастыру –13,3%-ға, химия өнеркәсібі – 10,9%-ға, азық-түлік – 9,1%-ға, мұнай өнімдері – 6,3%-ға, металл бұйымдары – 14,1%-ға,құрылыс материалдары – 5,3%-ға өскен. Мұнда құрылыс саласындағы өсім ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асырумен байланысты болып отыр. Құрылыс жұмыстарының көлемі биылғы қаңтар-қыркүйектегі 14,9%-бен салыстырғанда 15,1%-ды құрады.
Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы саласы маусымдық өсу фазасына енді. Жалпы өнім көлемі қаңтар-қыркүйек айларымен салыстырғанда 5,4%-ға артыпты. Өсімдік шаруашылығында өсім 6,7%-ға, мал шаруашылығында 3,4%-ға жеткен. Бұл бағытта жалпы өнімнің өсуі мемлекеттік қолдау шараларымен, агротехнологияларды сақтаумен және егін жинау кезіндегі қолайлы ауа-райымен байланысты болып отыр. Бірқатар өңірде дәнді дақылдардың өнімділігі артқан. Олардың ішінде Ақмола (+13,6%), Қостанай (+14,9%) және Павлодар (+7,4%) облыстары көш басында. Сол секілді сүт өндірісі 5,2%-ға, ет өндірісі 2,8%-ға, жұмыртқа өндірісі 1,4%-ға өскен.

Нақ қазір қалыптасып отырған ахуал туралы Экономикалық зерттеулер институты Сауда және инвестициялық саясатты дамыту орталығының директоры Бауыржан Тұрлыбековтан сұрадық.
– Жыл басынан бері 10 айда ЖІӨ-нің 6,4 пайызға өскенін байқап отырмыз. Демек, осы ресми ақпаратқа сүйеніп, былтырмен салыстырғанда экономика қарқынды дамып келеді деп айта аламыз. Тарқатып айтар болсақ, мысалы, құрылыс саласында 15 пайыздан астам өсімді байқадық. Мұнда үлгі ретінде Түркістан облысында инфрақұрылым, құрылыс, жол салу бағытындағы іске асқан жұмыстардың ауқымды екенін айтсақ болады. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы 5,4 пайызға өскен. Қазір егін жинау науқаны аяқталды. Бұл ретте Ақмола, Қостанай, Павлодар облыстарында ауыл шаруашылығының өсіміне ең көп үлес қосқан өңірлердің санатында қалып отыр,– дейді сарапшы.
Сарапшы мысал еткен салалардан бөлек, транспорт, тасымал және қоймамен байланысты қызметтер қарқынды дамып жатыр екен. Мұндағы өсім 20,7 пайызды құрапты. Бұл шын мәнінде қуантарлық жағдай, себебі бұл экономиканың ішінде үлесі биік сала. Расымен, қазір ел аумағы арқылы көптеген дәліздер өтеді. Оның ішінде транспорттық дәліздермен қатар, құбыр желілері бар.

– Иә, қазір дәліздер арқылы тек энергия көздері ғана емес, контейнерлер тасымалданып жатыр. Былтыр 200 мың контейнер тасымалданса, биыл да меже соған жетеғабыл болады ойлаймыз. 10 айда Транскаспий дәлізі арқылы 4 млн тонна тауар өткен. Сондай-ақ теміржол, автокөлік жолдары және Ақтаудағы теңіз көлігі арқылы тасымал көлемі 20 пайызға өскенін байқаймыз. Бұдан бөлек, кен және мұнай-газ салаларыда өсім 9,6 пайызды құрағанын байқадық. Осы статистикалардың барлығын ескерсек, биыл жыл соңына дейін өте жақсы нәтижеге жетеміз деп болжасақ болады,– деп өзінің пайымын айтты Б. Тұрлыбеков.
Саудада өсім деңгейі 9%-ды құраған. Өсу қарқыны саладағы үлесі 66,5% болатын көтерме сауда кәсіпорындарында байқалып отыр. Айналым қаражатының ұлғаюы Павлодар, Атырау облыстары мен Астана қаласында тіркелген. Қорытсақ, кейінгі жылдары Үкімет басым салаларды қолдауға, экономиканы әртараптандыруға және инвестиция тартуға баса назар аударып отыр. Осының есесіне, еліміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайы бұрынғыдан да жақсара түсуі тиіс.

