Келес ауданының орталығы Абай ауылында «Тегін көшет отырғыз» атты күзгі экологиялық акция өтті. Шараға аудан әкімдігінің қызметкерлері, ардагерлер, кәсіпкерлер, тазалық қызметкерлері мен еріктілер белсенді қатысты. Акцияның негізгі мақсаты аудан аумағын көгалдандыру және тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру.
Жақсылыққа бағытталған игі бастамаға қатысқан аудан әкімі Жанібек Ағыбаев мұндай шаралардың маңыздылығын атап өтті.
– Мұндай игі іс ауданымызда тұрақты түрде өткізіледі. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ұйымдастырылған сенбіліктің басты мақсаты – азаматтарымыздың бойында тазалық мәдениетін қалыптастыру. Әрбір тұрғын өз қоғамына, отбасына және табиғатына қамқорлықпен қарауы тиіс. Бұл бір күндік шара ғана емес. Сол себепті барша тұрғындарды көшет отырғызу жұмыстарына белсенді атсалысуға шақырамын, – деді аудан басшысы.

Акция аясында 10-нан астам техника жұмылдырылды. Белгіленген жоспар бойынша күзгі маусымда ауданда 25 мыңнан астам көшет отырғызылмақ. Көшеттер көршілес Қазығұрт ауданындағы арнайы питомниктерден жеткізілуде. Әрбір егілген ағаш аумағы суару жүйесімен толық жабдықталған.
Сонымен қатар, іс-шара барысында жастар «Таза табиғат – таза болашақ» ұранымен флешмоб ұйымдастырды. Ал «Бірлік – ел тірегі» атты дөңгелек үстелде қоғамдағы экологиялық сана мен азаматтық жауапкершілік тақырыптары талқыланды.

