Қарағандыда полиция пунктінен қыздың мәйіті табылған резонансты істегі учаскелік инспектор ауруханадан шықты, деп хабарлайды Ertenmedia.
Оқиға 1 қазанға қараған түні Қарағанды қаласының Михайлов ауданындағы учаскелік полиция пунктінде тіркелген еді. Сол түні бөлімге келген учаскелік инспектор әріптесі Дәурен Досовты ес-түссіз күйде, ал көрші бөлмеде жас қыздың жалаңаш мәйітін тауып алған.
Дәрігерлердің мәліметінше, Досовтың жағдайы жақсарып, ауруханадан шыққан. Алайда ол бірден қызметінен қуылыпты. Қарағанды полициясы инспектордың жұмыстан босатылуына «жағымсыз себептер» түрткі болғанын мәлімдеді.
Тергеу барысында марқұм болған қыздың инспектормен жақын қарым-қатынаста болғаны анықталған. Сол түні Досов оны өзімен бірге жұмыс орнына шақырған. Қыздың бөлімшеге өз еркімен келгені, оған күш қолданылмағаны белгілі болған. Кейін марқұмның бұған дейін де инспектордың түнгі кезекшілігіне бірнеше рет келгені анықталды. 23 жастағы Эльмираның артында 4 жасар ұлы қалды.
Дегенмен, полиция әлі күнге дейін қыздың өліміне не себеп болғанын ресми түрде айтқан жоқ. Тергеушілер сараптама қорытындысын күтіп отырса, дәрігерлер медициналық құпияны алға тартып, нақты ақпарат беруден бас тартуда. Ал Досов болса қазір куәгер ретінде тергелуде.
Алдын ала болжамы бойынша, полиция майоры есірткіні шамадан тыс қолданған болуы мүмкін. Дәурен Досов бұған дейін Теміртауда тергеуші болып істеген екен.
Айта кетейік, оқиғаға байланысты үш полиция басшысы қызметінен алынып, бірнеше қызметкер қатаң сөгіс алған болатын. Қоғамда үлкен дау туғызған іс бойынша тергеу жалғасып жатыр.
Тұшымды контентті Ertenmedia-ның телеграм арнасынан оқыңыз.
Қарағандыдағы қайғылы түн. Полиция бөлімінде болған оқиғаның астары ашыла ма

