Қазақстанның Даму банкі («Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы) елдегі 17 серпінді жобаның 14-ін қаржыландыруды көздеп отыр, деп жазады Ertenmedia.kz.
Банктің бұл жобаларға қатысу үлесі 2,6 трлн теңгеге жетуі мүмкін. Жалпы сомасы 6,9 трлн теңгені құрайтын бұл бастамалар металлургиялық және агроөнеркәсіптік кластерлер арқылы жоғары технологиялық қайта өңдеуді дамытуды мақсат етеді.
Павлодар облысында металлургиялық кластердің алғашқы кезеңі іске асырыла бастады. Екібастұз қаласында «Mineral Product International» ЖШС жылына 80 мың тонна ферроқорытпа шығаратын зауыт құрылысын қолға алды. Жобаның нәтижесінде Қазақстанның ішкі қайта өңдеу мүмкіндіктері ұлғайып, экспорттық әлеуеті нығаяды. Бұл кәсіпорында 527 тұрақты және мыңнан астам уақытша жұмыс орны құрылады.
Қарағанды облысындағы «Qarmet» АҚ кешенді жаңғырту жобасы сараптаманың үшінші кезеңінен өтуде. Бұл жоба бойынша №8 және №9 кокс батареялары мен табиғи газ құбыры салынбақ. Құрылыс аяқталған соң жылына 2,45 млн тонна кокс өндіріліп, елдің металлургия саласы отандық кокспен қамтамасыз етіледі. Соның нәтижесінде импорт қысқарып, өндірістік қуат артады.
Қостанай облысында ERG компаниясының құрамына кіретін «QazIron» АҚ жобасы құжат жинаудың екінші кезеңінде. Жылына 2 млн тонна ыстық брикетті темір өндіретін бұл зауыт экологиялық тұрғыдан таза, домна пешін пайдаланбайтын «жасыл» металлургияға арналған премиум шикізат шығарады. Жоба аясында 3000-ға жуық жұмыс орны ашылады.
Абай облысында да маңызды жоба қолға алынбақ. Қазіргі кезде жылына 300 мың тонна мыс балқытатын «KAZ Minerals Smelting» ЖШС зауытының құжаттары жинақталуда. Жоба іске қосылса, мыңдаған адам тұрақты жұмысқа орналасып, дайын мыс қорытпасы өндірісі басталады. Бұл кәсіпорын өнімді экспортқа шығаруға да мүмкіндік береді.
Контекст
Елордада «Kazak Protein» ЖШС-нің бидай мен бұршақты терең өңдейтін интеграцияланған агроөнеркәсіптік кешенінің құрылысы жүріп жатыр. Жоба банктік сараптаманың үшінші кезеңінде тұр. Кәсіпорын бидай глютені мен модификацияланған крахмал шығарады. Бұл жоба болашақта Қостанай облысындағы Qostanai Grain Industry-мен бірлесе отырып, импортты алмастыратын стратегиялық өндірістік желіні қалыптастырады.
ҚДБ мен оның еншілес ұйымы Өнеркәсіпті дамыту қорының қолдауымен Astana Motors Manufacturing Kazakhstan мультибрендтік автозауытын салу жобасы қысқа мерзімде жүзеге асырылды. Мұнда жылына 120 мың автокөлік шығарылады. Бұл зауыт әлем бойынша алғаш рет Chery, Changan және Great Wall Motor (Haval және Tank) сияқты қытайлық үш ірі брендтің өндірісін бір алаңға тоғыстырған ерекше жобаға айналды.
ҚДБ қаржыландыратын барлық жобалар қатаң іріктеуден өтеді. Жобалар құны 100 млрд теңгеден кем болмауы тиіс, сондай-ақ өнімнің қайта өңделу деңгейі жоғары, стратегиялық маңызды, экспортқа бағдарланған және импортты алмастыратын бағытта болуы қажет.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







