Алматыда қаланы толық жарықтандыру жұмыстары жалғасып жатыр. Қала басшысы Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен көшелер мен ғимараттардың жарық беру жүйесі жаңартылып, шаһардың түнгі бейнесі біртіндеп жақсарып келеді, – деп хабарлайды Ertenmedia.kz Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Әкімдік қала тұрғындары үшін қауіпсіз әрі жарық орта қалыптастыру басты мақсат ретінде қарастырылған. Энергетика және сумен жабдықтау басқармасының мәліметіне сәйкес, жыл соңына дейін 1189 аумақта 20 мыңнан астам шам мен торшер орнатылады. Қазірдің өзінде Әуезов ауданында жоба толық аяқталған, ал Медеу ауданында және өзге аудандарда жұмыс қарқын алып тұр.
Сәулеттік жарықтандыру да назардан тыс қалған жоқ. Биыл 70 ғимараттың жарық беру жүйесі жаңартылуы тиіс. Қазіргі таңда тұрғын үйлер, мектептер, медициналық мекемелер және жоғары оқу орындарын қамтитын 25 нысанда жұмыс толық бітті. Қала келбетін жақсарту ғана емес, түнгі уақытта қауіпсіздікті қамтамасыз ету де осы жобаның негізгі бағыттарының бірі. Дархан Сатыбалды мәселенің маңыздылығын ерекше атап өтті.

– Сәулеттік жарықтандыру жұмыстарын жеделдетіп, көше шамдарына қатысты барлық нысанды қатаң бақылауға алу қажет. Бұл тек көркейту емес, қала тұрғындарының қауіпсіздігі үшін аса маңызды шаруа, – деді әкім.
Жарықтандыру тиімді болуы үшін «Алматы Қала Жарық» кәсіпорнының жұмысын күшейту ұсынылды. Сонымен қатар заманауи ақылды технология енгізу де қарастырылған. Орнатылып жатқан шамдар Smart Lighting жүйесіне қосылуға мүмкіндік беретін арнайы жабдықпен қамтамасыз етілген. Болашақта жарық деңгейін автоматты түрде реттеу, қашықтан бақылау және энергияны үнемдеу сынды мүмкіндіктер іске асады.
Әкімдік барлық аудан әкімдеріне көше жарығына қатысты нысандарды ерекше бақылауда ұстауды, қалған ғимараттарда сәулеттік жарықтандыру жұмыстарын жеделдетуді тапсырды. Қаланың жарық әрі қауіпсіз болуы мегаполистің дамуына және тұрғындардың күнделікті өміріне тікелей әсер ететіні түсінікті.

