Алматы қаласы әкімі Дархан Сатыбалды су тазарту саласында жаңашыл технологияларымен танымал америкалық World Water Works компаниясының басшыларымен кездесті. Жиынға ҚР СІМ Инвестициялар комитетінің өкілдері және «KAZAKH INVEST» басшылығы да қатысты, – деп хабарлайды Ertenmedia.kz Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кездесудің негізгі мақсаты Алматыдағы кәріз-тазарту жүйесін жаңғыртуға арналған бірлескен жобаны талқылау.
Қала әкімдігі мегаполисте ағын суларды тазарту сапасын арттыру үшін үлкен жұмыстар қолға алынатынын айтты. Әкімнің сөзінше:
– Алматы үшін тазарту құрылыстарын жаңғырту және су бұру жүйесінің тиімділігін арттыру маңызды бағыт. World Water Works компаниясымен серіктестік экологияға да, қала тұрғындарының өмір сапасына да тікелей әсер етеді. Заманауи технологияны енгізу арқылы тазарту деңгейін айтарлықтай күшейте аламыз, – деді Дархан Сатыбалды.
Инвестициялар комитеті төрағасының орынбасары Сұлтанғали Кинжақұлов мемлекет жобаны іске асыруға толық қолдау көрсететінін жеткізді. Оның айтуынша, экология мен сумен қамту саласына шетелдік инвесторларды тарту ел үшін басым бағыттардың бірі.
World Water Works президенті Амареш Конаманени компанияның АҚШ, Канада, Мексика және Азия құрлығындағы жобаларды сәтті жүзеге асырып жатқанын айтты. Ол Алматыны жаңа перспективалы бағыт ретінде көретінін жеткізіп, Орталық Азия нарығында жұмыс бастауға дайын екенін мәлімдеді.
Кездесу соңында тараптар жобаның техникалық және қаржылық тұстарын талқылауды жалғастыруға келісті. Қазақстан тарапы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігі арқылы серіктестікті тереңдетуге мүдделі екенін атап өтті.

