Алматы әкімі Дархан Сатыбалды Алатау ауданына барып, «Айгерім-1,2» және «Шаңырақ-1» шағынаудандарының тұрғындарымен жүздесті. Кездесуде тұрғындар ауызсу мен кәріз желілерінің құрылысы ұзаққа созылып кеткенін айтты. Әкім жағдайды өз көзімен көріп, мердігерлердің жұмысты баяу атқарып жатқанын атап өтті, – деп хабарлайды Ertenmedia.kz Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Айгерім-1,2» аумағында су құбырының 104 шақырымнан астам бөлігі, ал кәріз желісінің 29 шақырымға жуық бөлігі салынуы тиіс. Жоба 2021 жылы басталғанымен, жұмыс қарқыны тұрғындарды да, әкімдікті де алаңдатып отыр. Дархан Сатыбалды жауапты мекемелерге бақылауды күшейтуді тапсырды және құрылысты келесі жылы толық аяқтауды міндеттеді. Әкім жол жөндеу мәселесін де көтерді.
– Желі құрылысы аяқталған аумақтарға жолды кешіктірмей төсеу керек. Ал жұмыс жүріп жатқан көшелерге уақытша асфальт қиыршығын салу қажет, – деді ол.
«Шаңырақ-1» шағынауданында да жағдай ұқсас. Мұнда 45 шақырымнан астам су желісі, 53 шақырым кәріз құбыры және 10 сорғы станциясы салынуы керек. Жоба 2,2 мыңнан астам үйді қамтуы тиіс. Бірақ құрылыстың баяулығына тұрғындар наразы. Әкім жұмысты екі ай ішінде аяқтауды талап етті. Сонымен қатар бастапқы жобада болмаған төрт көшеге асфальт төселеді.
Кездесуде жергілікті халық жол қауіпсіздігі, көше жарығы, балалар алаңы сияқты мәселелерді де айтты. Дархан Сатыбалды жауапты басқармаларға осының бәрін қарастырып, орындалуын тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.
Қала басшысы әр шағынаудандағы жағдайды жүйелі түрде бақылауға алып, тұрғындардың өмір сапасын жақсартуды басты мақсат екенін жеткізді.

