Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов Құрылыс кодексі жобасындағы маңызды ұсыныстардың ескерілмей қалғанын айтып, өкініш білдірді деп жазады Ertenmedia.
Оның пікірінше, құжат осы қалпында қабылданса, тұрғындар емес, құрылыс компанияларының мүддесіне ғана қызмет етпек.
Аймағамбетовтің сөзінше, жұмыс тобының отырыстары аяқталуға жақын, ал уақыт өте тығыз. Бірақ, ең қажетті деген нормалар заң жобасына енбей қалған.
«Біз әрбір азамат үшін аса маңызды мәселелерді көтердік. Біріншіден, тұрғын үй кешендерімен қатар мектептер мен балабақшалар да салынуы тиіс. Олардың құрылысын кейінге қалдыруға болмайды. Геологиялық зерттеулердің сапасы қатаң бақылануы қажет. Әзірге құрылыс компаниялары «сатып алған» жалған зерттеу қорытындыларымен үйлерді тұрғызып жатыр», – деді депутат.
Ол мектеп пен ауруханаға деп белгіленген жер учаскелерінің мақсатты пайдаланылмай, түнгі клуб пен дүкенге айналып кетуіне тосқауыл қоюды ұсынды.
«Құрылыс компанияларының нақты жауапкершілігін заңмен бекіту керек. Қазіргідей жалған меморандумдармен шектелуге болмайды. Әлеуметтік нысандарды қабылдайтын комиссиялардың құрамына қоғам өкілдері міндетті түрде қосылуы тиіс», – деді Аймағамбетов.
Сондай-ақ, депутат құрылыс сапасына қатысты қатаң әрі нақты жауапкершілік пен айыппұл енгізуді талап етіп отыр.
«Міне, осы нормалар Кодекстің жобасына енбеген. Бұл құжатты осы күйінде қабылдауға болмайды. Заң құрылыс компанияларын емес, халықтың құқығын қорғауы тиіс. Өкінішке қарай, бүгінде құрылыс компанияларының мүддесін қорғайтындар тым көп сияқты», – деп қорытты Асхат Аймағамбетов.
Еске салсақ, бұған дейін Базарбек-Пономарев тандемі Алматыдағы RAMS компаниясының жобаларын құмырсқаның илеуіне теңеп, қаланың қақ ортасынан «VIP-адамдарға арналған» 40 қабатты тұрғын үй салуға қарсылық білдірген еді.
Тұрғындар ауқымды құрылысқа қарсылық білдіргесін дауға президент Тоқаев араласып, қала әкімі Дархан Сатыбалдыға мұндай жобаларға тежеу қоюды тапсырған болатын.
Тұшымды контентті Ertenmedia-ның телеграм арнасынан оқыңыз.
Алматының жүрегіне қадалған мұнаралар: заңсыз құрылысқа рұқсат берген шенділерге тықыр таянды

