І. Жансүгіров атындағы Жетісу университеті мен «Helios Soft» компаниясы цифрлық оқыту және ақпараттық технологиялар саласындағы стратегиялық әріптестік туралы меморандумға қол қойды. Бұл келісім білім беру жүйесінде отандық IT-шешімдерді дамыту мен енгізуге бағытталған маңызды қадамдардың бірі.
– Аталған серіктестік практикалық оқытуға басымдық беріп, студенттердің кәсіби әлеуетін арттырады әрі өңірде бәсекеге қабілетті мамандарды даярлау ісін жаңа деңгейге көтереді, – дейді І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің ректоры Ермек Бөрібаев.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев шетелдік IT-әзірлемелерге тәуелділікті төмендетудің маңыздылығын атап: «Бұл көрсеткіш, қазіргі таңда 95%-ға жеткен, төмендетілуі тиіс», – деген болатын.
Осы орайда, Жетісу университеті мен «Helios Soft» компаниясы арасындағы әріптестік елдің цифрлық трансформация мен ақпараттық қауіпсіздікті дамыту, сондай-ақ отандық IT-өндірушілерді қолдау жөніндегі стратегиялық бағытымен сәйкес келіп отыр.
Келісім аясында тараптар мемлекеттік ұйымдарда бухгалтерлік есеп пен басқарушылық процестерді автоматтандыруға арналған отандық жетекші бұлтты платформа – «Фаворит» ақпараттық жүйесінде жұмыс істеуді оқыту бағдарламаларын бірлесіп жүзеге асыруға уағдаласты.
«Helios Soft» ЖШС әзірлеген «Фаворит» жүйесі Қазақстан Республикасының Сенімді бағдарламалық қамтамасыз ету тізіліміне енгізілген және ақпараттық қауіпсіздік саласындағы заңнама талаптарына толық сай келеді. Бүгінде «ҚТЖ» ҰК» АҚ-ы қоса алғанда, 5000-нан астам мемлекеттік мекеме өз қызметінде «Фаворит» жүйесін пайдаланады. Бұл оның тиімділігі мен сенімділігін сондай-ақ, елдегі цифрлық басқарудың негізгі құралы ретіндегі мәртебесін дәлелдейді.
Әріптестік аясында Жетісу университеті В046 – Қаржы, экономика, банк және сақтандыру ісі және В057 – Ақпараттық технологиялар бағыттары бойынша жаңа пәндер мен оқу модульдерін әзірлеп, білім беру үдерісіне енгізеді.
Жаңа пәндер заманауи цифрлық құралдарды практикалық тұрғыдан меңгеруге, соның ішінде «Фаворит» ақпараттық жүйесінің жұмыс принциптерін үйренуге бағытталатын болады.
Сонымен қатар бухгалтерлік есеп, менеджмент және цифрлық технологиялар саласында қысқа мерзімді курстар мен микроквалификация бағдарламаларын ұйымдастыру жоспарлануда. Бұл тыңдаушылардың кәсіби дағдыларын жетілдіруге және еңбек нарығында сұранысқа ие мамандар даярлауға мүмкіндік береді.
Жетісу университеті мен Helios Soft арасындағы ынтымақтастық елдің кадрлық әлеуетін арттыруға, цифрлық сауаттылықты дамытуға және отандық IT-шешімдерді ілгерілетуге елеулі үлес қосады.

