Ақтау қаласында Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелерімен кездесті. Жиынға Ақсақалдар кеңесі, Аналар кеңесі, этномедиаторлар мен этномәдени бірлестіктердің өкілдері қатысып, қоғамдағы татулық пен тұрақтылық мәселелері талқыланды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Кездесуді ашқан өңір басшысы қазіргі кезеңде бірліктің мәні бұрынғыдан да арта түскенін атап өтті.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтып жүрген бірлік мәселесі – жай ұран емес. Бұл – мемлекеттің стратегиялық бағыты», – деді Нұрдәулет Қилыбай.
Жиында нақты өмірлік мысалдар айтылды. ҚХА Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Оңайбек Әбділов ауылдағы екі отбасы арасындағы жанжал этномедиация арқылы шешілгенін жеткізді. Оның айтуынша, мұндай тәсілдер қоғамдағы тұрақтылықты сақтаудың тиімді жолына айналып келеді.
Этномәдени бірлестіктер өкілдері де өз пікірлерін білдірді. «Вайнах» шешен-ингуш бірлестігінің өкілі Магомедсала Чучаев көпұлтты қоғамда өзара түсіністік пен диалогтың маңызына тоқталды. «Бәріміз бір елдің азаматымыз. Ассамблея бізге бір-бірімізді тыңдап, түсінуге мүмкіндік берді», – деді ол.

Бұл пікірді әкім де қолдап, татулықтың мәнін нақтылады. «Татулық – үнсіз келісу емес. Бұл – саналы түрде бірге өмір сүру», – деді Нұрдәулет Қилыбай.
Жиында Аналар кеңесінің төрайымы Амангүл Джайлханова да сөз алып, бірлік тәрбиеден басталатынын атап өтті. «Біз жастармен жұмыс істейміз. Бірлік ең алдымен отбасында қалыптасады», – деді ол.
Армян этномәдени бірлестігінің өкілі Татьяна Мурадян өңірде медиация арқылы шешілген дауларға тоқталып, келісімге келудің нақты тетіктері бар екенін айтты.
Кездесу барысында этносаралық қатынастарды нығайтуға қатысты ұсыныстар айтылып, Ассамблея жұмысының тиімділігін арттыру жолдары қарастырылды.
Жиын қорытындысында қатысушылар Президенттің саяси бағыты қоғамдағы тұрақтылықты сақтауға негіз болып отырғанын атап өтті. «Бірлік – тек мерекеде айтылатын сөз емес. Бұл – күнделікті қарым-қатынас, өзара құрмет пен жауапкершілік», – деді облыс әкімі.
Кездесу барысында айтылған пікірлер қоғамдағы тұрақтылықтың басты тірегі – түсіністік пен диалог екенін тағы бір мәрте көрсетті.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!






