Жетісайдағы трагедиядан кейін Үкімет басшысы Олжас Бектенов шұғыл шаралар қабылдауды тапсырды, деп хабарлайды Ertenmedia.
Премьер-министр Үкімет атынан марқұмдардың туыстарына көңіл айтып, Түркістан облысы Алғабас ауылындағы қайғылы жағдайға байланысты дереу қорытынды шығаруды талап етті.
Үкіметтік комиссия жетекшісі, вице-премьер Қанат Бозымбаевтың айтуынша, өрт 19 қараша күні таңғы сағат 05:30-да екі қабатты жеке тұрғын үйде тұтанған. Қызыл жалын бүкіл ғимаратты шарпып, төбесі опырылған.
Өрт тек таңғы сағат 07:22-де толық ауыздықталды. Салдарынан 12 адам, оның ішінде тоғыз бала қайтыс болды. Үш зардап шегуші Жетісай аудандық ауруханасының жансақтау бөлімінде жатыр.
Қазірше өрттің шығу себебінен қасақана әрекет белгісі байқалмайды. Төтенше оқиғаға қатысты «Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Үкіметтік комиссия алдында тұрған негізгі міндеттер:
- марқұмдарды жерлеуді ұйымдастырып, отбасыларына толық көмек көрсету;
- өрттің нақты себептерін анықтау;
- тұрғын үйлерге, әсіресе әлеуметтік тұрғыдан осал отбасылардың баспаналарына профилактикалық тексеру жүргізу.
Сонымен бірге, Бектенов Төтенмин мен өңір әкімдіктеріне арнайы тапсырма берді. Жатақханалар, хостелдер мен әлеуметтік аз қамтылған отбасылар тұратын жеке үйлер түгел тексеріліп, қауіпсіздік талабына сай жабдықталуы тиіс.
«Жалпы, жылу беру маусымы басталғалы тұрғын үйлердегі өрт оқиғаcы күрт көбейіп отыр. Бұл мәселені Үкімет қазан айындағы отырыста арнайы қараған болатын. Әзірге жағдайдың түзелгенін көріп отырған жоқпыз. Сондықтан түсіндіру жұмысын күшейтіп, профилактикалық шараларды жедел қолға алу қажет», – деді премьер-министр.
Ақпарат министрі Аида Балаеваға БАҚ пен әлемжеліде ақпараттық-түсіндіру жұмысын кеңінен ұйымдастыру міндеттелді.
Еске сала кетсек, 18 қараша күні таңертең Жетісай ауданындағы Алғабас ауылында екі қабатты тұрғын үй өртке оранып, 12 адам қайтыс болған еді. Оқиға орнына келген өрт сөндірушілер ғимарат толық жанып жатқанын көрген. Құтқарушылар үш адамды ес-түссіз күйінде үйден шығарып, дәрігерлерге тапсырған болатын.
Тұшымды контентті Ertenmedia-ның телеграм арнасынан оқыңыз.
Өрттен кейінгі өре түрегелу: Бозымбаев жаппай тексеріске пәрмен берді

