Маңғыстау облысында Каспий албырт балығын қайта тірілтуге бағытталған экологиялық және инновациялық бастама қолға алынды. «Каспий албырт балығының аналық үйірін қалыптастыру және инкубациялық цех құру» жобасы аясында теңізге албырттың шабақтары жіберілді. Бұл «Қызыл кітапқа» енген түрді сақтауға бағытталған нақты қадам. Балықтың популяциясы төмендеген тұста табиғи тепе-теңдікті қалпына келтіру – өңір экологиясы үшін маңызды міндет. Ал осы бастама алдағы жылдары аквашаруашылық саласына жол ашуы мүмкін, деп жазады Ertenmedia.kz.
Инкубациялық цех Ақтаудағы «Сұлтан Агро» жылыжай кешені базасында жұмыс істеп жатыр. Мамандардың айтуынша, албырт талапшыл балық, оны өсіру үшін су температурасы мен тіршілік ортасы арнайы бақыланады. Тек табиғи жолмен көбейтуге сеніп отыруға болмайды, сондықтан инкубациялық технология енгізілген.
Жыл басынан бері 1815 дана шабақ теңізге жіберілді. Аз көрінуі мүмкін, бірақ экологияда әрбір жанды түрдің маңызы үлкен. Табиғатта қайтадан қалыптасқан бір үйір болашақтағы тұрақтылықтың бастауы.
Жобаға балық шаруашылығы басқармасы, мамандар, комиссия өкілдері қатысып, нәтижелермен танысты. Бұл бастама тек бүгінге емес, ертеңге арналып отыр. Ал экологияның болашағы күмәнсіз ғылыми негізге сүйенуі тиіс. Тек балық жіберумен шектелмей, оның өсіп-өнуіне жағдай жасайтын жүйелі ізденіс қажет.
Маңғыстауда экологиялық сананың өзгеріп келе жатқаны байқалады. Бұрын теңіз тек балық аулау көзі ретінде қарастырылса, қазір оны қорғау экономикалық дамудың шарты ретінде қарастырыла бастады. Аквашаруашылық жаңа кәсіптің бастамасы бола алады. Шетелдерде бұл сала табысты бағыттардың бірі саналады. Егер тәжірибе дұрыс жолға қойылса, Каспий албырты тек экологиялық жоба емес, өңірдің экономикалық әлеуетіне де үлес қосуы мүмкін. Жергілікті кәсіпкерлер арасында қызығушылық туып жатқаны да осының белгісі.
Балық шаруашылығын қалпына келтіріп, теңіз жағасындағы ауылдар мен балықшылардың тұрмысын жақсартуға жол ашады. Себебі табиғи ресурсты күтіп ұстау арқылы ғана экономикалық пайдаға қол жеткізуге болады. Қанша жерден технология енгізілсе де, қоршаған ортаға ұқыпты қарау бірінші орында тұруы тиіс. Маңғыстауда қолға алынған жобаның ар жағында осы түсінік жатқан сияқты.

