Панфилов ауданында 26 елді мекен газдандыруға жатады. Бүгінгі күні Жаркент қаласы толық газдандырылған. Қалған 25 елді мекенді газдандыру бойынша жұмыстар жүргізілуде, соның 12-сінде бүгінгі күні құрылыс жұмыстары аяқталды. Тұрғындарының саны 1900-ден асатын Ават және Ақкент ауылдарына газ жеткізілді, ал осы аптаның соңына дейін Нәдек ауылына көгілдір отын беріледі. Сөйтіп жыл аяғына дейін аудандағы елді мекендердің тең жартысы газдандырылады. Бұл туралы облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың Панфилов ауданы тұрғындарымен кездесуінде белгілі болды, – деп хабарлайды Ertenmedia.kz Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Өңір басшысының айтуынша, қалған 13 елді мекенде ауылға дейінгі газ құбырының құрылысы биыл аяқталып, келесі жылы ауылішілік газ тарату желілері жүргізілетін болады.
Аудандағы 40 елді мекеннің бәрі орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілді, соның ішінде Жиделі ауылына биыл жергілікті бюджеттен қаражат бөлініп, сапалы ауыз сумен қамтылды.

Былтыр ауданда құрылысты қарқынды жүргізудің арқасында 480 пәтер мен 140 жеке тұрғын үй қолданысқа берілді. Ал жыл соңына дейін 120 пәтер мен 200 жеке тұрғын үйді тапсыру көзделген.
Сонымен қатар ауылдық жерлерде тұратын әлеуметтік осал отбасыларды тұрғын үймен қамту үшін Шолақай ауылында 373 жер учаскесіне инженерлік желілер жүргізілуде, құрылыс келесі жылдың тамыз айында аяқталады.
Кездесуде тұрғындар суармалы сумен қамтамасыз ету, мектептерді күрделі жөндеу, көп қабатты үйлердің шатырын, қасбетін жөндеу мәселелерін көтерді. Барлық сұрақтарға толыққанды жауаптар берілді.

– Өткен жылдың қорытындысы бойынша Панфилов ауданы облыстағы ең үздік аудан деп танылды. Бұл – аудан халқының ортақ еңбегінің нәтижесі. Біз өз тарапымыздан тұрғындардың өмір сапасын арттыру бағытында тиісті шараларды қабылдап жатырмыз. Ең бірінші кезекте сапалы ауыз сумен қамту, жол жөндеу, тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар салу мәселелері шешілуде.
Газдандыру жұмыстары да жалғасып жатыр. Жалпы, Панфилов ауданы –экономикалық әлеуеті жоғары, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, логистика, туризм салаларын дамытуға жақсы мүмкіндіктері бар, Жетісу облысының дамуына елеулі үлес қосып отырған өңір, – деді сөзінің қорытындысында облыс әкімі Бейбіт Исабаев.
Атап өтсек, осы күні өңір басшысы азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Қабылдауға келгендер негізінен мемлекеттік қолдау мен әлеуметтік көмек алу мүмкіндіктеріне қатысты сұрақтар қойды.

