Сенат депутаты Нұрия Ниязова автожолдарға, утилизациялық алымдарға және түрлі сертификаттарға қатысты кейбір төлемдерді мемлекеттік емес, жекеменшік немесе квазимемлекеттік ұйымдар жинап отырғанын сынға алды, деп хабарлайды Ertenmedia.
Сенатордың айтуынша, аталған төлемдер бюджет тапшылығы жағдайында мемлекет қазынасына емес, жеке ұйымдарға кетіп жатыр.
«Автожолдармен жүру ақысын «ҚазАвтоЖол», тауардың шығу тегін растайтын сертификатты «Атамекен», утилизациялық алымды «Жасыл Даму» компаниясы жинауда.
Мысалы, тек «ҚазАвтоЖолдың» өзі 2024 жылы жол ақысынан 52,9 млрд теңге жинаса, биылғы он айдың өзінде бұл көрсеткіш 79 млрд теңгеге жеткен.
Осы қаражатты тікелей мемлекеттік бюджетке аудару мәселесі қарастырыла ма?» – деді депутат Сенат отырысында.
Қаржы министрінің міндетін атқарушы Абзал Бейсенбекұлы аталған қаражаттар бюджет жоспарында жанама түрде есепке алынатынын айтты. Сондай-ақ ол 2026 жылдан бастап күшіне енетін жаңа Бюджет кодексіне сәйкес, Ұлттық экономика министрлігі мен Қаржы министрлігіне парафискалдық төлемдерді жыл сайын талдап отыру міндеті жүктелетінін мәлімдеді.
«Бұл талдау аталған төлемдердің тиімділігіне баға беруге мүмкіндік береді. Осылайша, кейбір төлемдерді мүлде алып тастау немесе олардың мемлекеттік бюджетке тікелей аударылуын қамтамасыз ету туралы шешімдер қабылданады. Мұнда біз ең алдымен мемлекеттің мүддесін, тиімділік пен ашықтықты басты назарға аламыз. Келесі жылдан бастап осы бағыттағы жұмыс күшейтіледі», – деді Абзал Бейсенбекұлы.

