Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан энергетикалық әрі су ресурстарын тиімді пайдаланудың жаңа форматын бекітті, деп хабарлайды Ertenmedia.
Үшжақты келіссөз Алматыда өтіп, қорытындысында тараптар ортақ хаттамаға қол қойды.
Қазақстанның Энергетика министрі Ерлан Аккенженов төрағалық еткен жиында аймақтың су және энергетика саласына жауапты тұлғалар бас қосты.
Олардың қатарында Қазақстанның Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов, Қырғызстан Энергетика министрі Таалайбек Ибраев, Өзбекстан Энергетика министрі Жорабек Мирзамахмудов, Өзбекстан Су шаруашылығы министрі Шавкат Хамраев және Қырғызстан Су шаруашылығы министрінің орынбасары Алмаз Жееналиев болды.
Келіссөздің басты тақырыбы өңірдің тіршілік көзі саналатын Тоқтоғұл су қоймасының қазіргі ахуалы. Кейінгі жылдары су деңгейі төмендеп, қысқы уақытта электр тапшылығы қаупі күшейген.
Осы мәселені шешу мақсатында тараптар өзара қолдау механизмін іске қоспақ. Қазақстан мен Өзбекстан күзгі-қысқы маусымда Қырғызстанға электр энергиясын жеткізіп беруге дайын. Бұл шара Тоқтоғұл қоймасындағы су қорын молайтып, қыс мезгіліндегі судың шығынын азайтуға мүмкіндік береді.

Өз кезегінде жинақталған су ресурсын Қырғызстан 2026 жылғы вегетациялық кезеңде Қазақстан мен Өзбекстанның оңтүстік өңірлеріне жіберіп, ауылшаруашылық алқаптарының тұрақты суаруын қамтамасыз етеді. Аталған аймақтар үшін әлгі шешім азық-түлік қауіпсіздігін сақтауда аса маңызды болып отыр.
Үш ел электр энергиясы мен суды өзара бөлісуден бөлек, аймақтағы энергия тұтынуды төмендетіп, үнемдеу шараларын бірлесіп жүзеге асыруға келісті. Өзбекстан тарапы аймақтағы электр транзитін қамтамасыз етіп, техникалық қолдау көрсетуге әзір екенін ерекше атап өтті.

