Ақмола облысында мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімді орта қалыптастыру ісі сәтті жүзеге асуда. Облыс аумағында мыңнан аса мекеме пандус, арнайы кіреберіс, кең есік, тактильді жолақ сияқты элементтер орнатылып жатыр. Адамдар күнде баратын емхана, мектеп, колледж, мәдениет үйі, кітапхана сияқты орындарда мүгедектігі бар азаматтардың жүріп-тұруы үшін ыңғайлы жағдай жасалуда. Президенттің мүгедектігі бар азаматтарды қоғамнан бөліп қарамау жөніндегі тапсырмасы өңірде осылайша жан-жақты іске асуда, деп жазады Ertenmedia.kz.
Бұл жұмыстың бір арқауы Amanat партиясының жол картасына тіреледі. Партия өзінің құжатында мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімді ортаны кеңейтуге жеке бағыт арнаған. Соған сай өңірде мониторинг топтары құрылып, партия өкілдері, мәслихат депутаттары, белсенділер нысандарды аралап жүр.
Кей жерде пандус бар, бірақ бұрышы тым тік, есіктің табалдырығы биік, арбамен кіру қиын. Кей жерде ішке кіру оңай, ал дәретханаға немесе қызмет көрсету орнына жету қиын. Сол үшін әр нысанда мүмкіндігі шектеулі азаматтардың ғимаратқа кіріп, қызмет алып, қайта шығуына дейінгі бүкіл жолы қаралуда.
Мұндай бейімдеу жұмыстары ең алдымен денсаулық сақтау, білім беру және мәдениет нысандарында жүріп жатыр. Себебі емханаға бара алмай, баласын мектепке алып қайту үшін қиналып жүрген ата-аналар аз емес. Облыстағы біраз ауруханада тіркеу орнының деңгейі төмендетіліп, арбада келетін адамға ыңғайлы терезелер қойылған. Кей мектепте тактильді жолақтар, дыбыстық хабарлама жүйелері орнатылуда. Мәдениет үйлерінде бірінші қабаттан бөлек, екінші қабатқа көтерілуді жеңілдететін көтергіш құрылғылар қарастырылып жатыр.
Жыл соңына дейін тағы 176 нысанды бейімдеу жоспарланған. Олардың арасында ауылдық емханалар, ауыл әкімдіктері, әлеуметтік қызмет көрсету бөлімдері де бар. Қаладағы ірі ғимараттармен қатар, шалғай елді мекендердегі шағын объектілерді де ұмытпау маңызды. Өйткені мүгедектігі бар адам тек облыс орталығында емес, аудан орталығы мен ауылда да тұрады. Оған қызмет сол жерде қолжетімді болғаны дұрыс.
Әлеуметтік қорғау министрлігінің жергілікті департаменттері де бұл жұмысқа араласып, бірқатар нысандағы кемшіліктер анықтап, 9 нұсқама енгізген. Кей жерде пандус стандартқа сай келмесе, енді бір жерде тактильді белгілері болмаған. Осылайша, партиялық бақылау мен мемлекеттік қадағалау бір-бірін толықтырып тұр.

