Абай облысында жұртты сан соқтырған тағы бір қаржы пирамидасының беті ашылды, деп хабарлайды Ertenmedia.
ELL QUATY атты ұйым өзін «халықтық кооператив» ретінде көрсетіп, бір жарым мыңнан аса азаматты қармағына түсірген. Компания салымшыларға пәтер мен көлікті пайызсыз бөліп төлеуге береміз деп уәде еткен.
Тіпті әлеуметтік желіде «Әр отбасыға бақыт сыйлаймыз!» деген ұранмен түрлі акциялар ұйымдастырып, жұртты Түркиядағы демалысқа тегін жолдама берумен қызықтырған.
Қаржылық мониторинг агенттігінің хабарлауынша, ұйым бастапқыда танымал HALYK брендін заңсыз қолданып, ескерту алған соң, атауын ELL QUATY деп өзгерткен.
«Кооператив мүшелері пәтер мен көлікке қол жеткізу үшін пай жарналарын төлеуге тиіс болған. Компанияның заңдылығын көрсету мақсатында ұйымдастырушы басқа бір фирма ашып, салымшылардың қаражатын соған «қызмет ақысын төлеу» ретінде аударған. Осылайша, азаматтардан жиналған ақша сомасы 6,8 миллиард теңгеге жеткен», – делінген агенттік мәліметінде.
Қазірше іске қатысы бар бір күдікті ұсталды. Тергеу жалғасуда.

