Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев бастаған делегация Корея Республикасына жұмыс сапарымен барып, екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған бірқатар іскерлік кездесулер өткізді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Алдымен Қазақстан мен Кореядағы елшілігінде кореялық бизнес өкілдерімен кездесу ұйымдастырылды. Кездесуде облыс әкімі Нариман Төреғалиев екі ел арасындағы әріптестікті кеңейтуге бағытталған мұндай алаңдардың маңызы зор екенін жеткізді. Әкім өз сөзінде Батыс Қазақстан облысының географиялық және экономикалық артықшылықтарына тоқталды. Ресейдің Астрахань, Волгоград, Саратов, Самара және Орынбор облыстарымен шектесетін өңірдің транзиттік әлеуеті жоғары екенін, сондай-ақ шетелдік инвесторлар үшін қолайлы жағдайлар жасалғанын атап өтті.

– Біз бүгін Батыс Қазақстан облысынан арнайы делегациямен Корея Республикасына келдік. Алдымен осындай кездесуді өткізуге қолдау білдірген Қазақстан Республикасының Корея Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Нұрғали Алмасбайұлына алғыс айтамын! Инвестиция тарту – біздің негізгі міндеттеріміздің бірі. Қазір Корея инвесторларымен бірнеше бағыт бойынша жұмыстар басталды. Біз осы сапар барысында ынтымақтастыққа қызығушылық танытқан компаниялармен нақты келіссөздер жүргізуді, өңірдің экономикалық мүмкіндіктерін таныстыруды жоспарлап отырмыз, – деген облыс әкімі екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстардың да дамып келе жатқанын айтты.
Іскерлік кездесуге Кореяның бірқатар ірі компаниялары «DL Co., Ltd.» (DL GFRP), «Daocle1»,«Flow & Buoyancy Hydroelectric Power Generation System, Manseung Energy», «Global Defense / Defense Global Kazakhstan LLP» қатысты. Тараптар өнеркәсіп, қайта өңдеу, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, экология, инвестиция салалары бойынша бірлескен жобаларды талқылады.

Батыс Қазақстан облысынан барған делегация құрамында облыстық ветеринария басқармасының басшысы Абзал Бралиев, кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Нұржан Өтепбаев, табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Марат Молдашев, «Aqjaiyq» ӘКК АҚ басқарма төрағасы Ержан Досмақов, «Орал Таза Сервис» ЖШС директорының орынбасары Алмаз Пішенбаев, «Medical Solutions» ЖШС бас директоры Жанаргүл Дүйсенова болды.
Сапар аясындағы кездесулер екіжақты экономикалық және технологиялық әріптестікті дамытуға серпін береді деп күтілуде.

