Маңғыстау облысында құны 300 млн доллар болатын жаңа теңіз портының құрылысы басталмақ. Бұл туралы Үкімет отырысында облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай мәлімдеді, деп хабарлайды Ertenmedia.
Президент Тоқаев көлік инфрақұрылымын дамыту және транзиттік әлеуетті нығайту жөніндегі тапсырмасы шеңберінде Маңғыстау облысында жаңа теңіз портын салу жоспарлануда.
Стратегиялық әріптес ретінде Қытайдың «Жоңйұн Интернешнл» компаниялар тобы таңдалған.
Қазіргі кезде инвестор аймақта өз компаниясын ресми тіркеп, инвестициялық келісімге қол қоюға қажетті қағаз-құжатты әзірлеуде.
«Жаңа теңіз портының іске қосылуы «Қытай – Қазақстан – Ақтау – Баку – Поти – Еуропа» бағытындағы халықаралық көлік дәлізінің негізін қалайды. Соның нәтижесінде жүк жеткізу мерзімі 7-15 күнге қысқарып, көлік шығындары 18–25 пайызға төмендейді. Сонымен қатар, өңірде жаңа жұмыс орындары ашылады», – деді облыс басшысы.

