Қазақстанда келесі жылдан бастап күшіне енетін жаңа Салық кодексіне қоғамның көзқарасы көбінесе сынға толы, деп хабарлайды Ertenmedia.
MediaNet халықаралық журналистика орталығы мен PaperLab зерттеу орталығы Конрад Аденауэр қорының қолдауымен DEMOSCOPE бюросы жүргізген сауалнама нәтижесі осыны көрсетті.
Жаңа кодекске сай, 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап шағын және орта бизнес үшін қосымша құн салығының (ҚҚС) мөлшері 12%-дан 16%-ға дейін көтеріледі. Бұл өзгеріс көпшіліктің көңілінен шықпай отыр. Сауалнамаға қатысқан азаматтардың 61,4%-ы салық өсімінің өз тұрмысына кері әсер ететініне сенімді. Олардың 32,4%-ы «тұрмысымыз айтарлықтай нашарлайды» десе, 29%-ы «жағдайымыз шамалы ғана төмендейді» деген пікірде.
Респонденттердің тек 20,6%-ы ғана бұл өзгерістер өзіне еш әсер етпейтініне сенеді. Ал сауалнамаға қатысқан халықтың 9%-ы салықтың өсуі керісінше өмір сапасын жақсартады деп күтеді.
Үкімет салық мөлшерін көбейту қажеттілігін бюджетке түсетін кірісті арттырып, әлеуметтік шығындарды жабу әрі экономиканы тұрақтандыру мақсатымен түсіндіреді. Дегенмен азаматтардың көпшілігі бұл пікірмен келіспейді.
Олардың пайымынша, ҚҚС-ның көтерілуі тауарлар мен қызметтер бағасының қымбаттауына әкеледі (65,5%). Сондай-ақ шағын және орта бизнес субъектілері қысқарады (27,3%), жұмыссыздық деңгейі артады (26,5%) және көлеңкелі экономика күшейеді (19,6%).
Әйтсе де салық реформасынан оң нәтиже күтетіндер де бар. Мәселен, қатысушылардың 18,2%-ы бюджетке салық түсімдері артады десе, 9,4%-ы азаматтардың тұрмыс деңгейі жақсарады деп есептейді. Тағы 12,6%-ы еш өзгеріс болмайтынына сенімді.
Халықтың көпшілігі жаңа салық жүктемесінен шағын және орта бизнестің жағдайы нашарлайды деп алаңдайды. Респонденттердің 63,6%-ы ҚҚС мөлшерінің өсуі кәсіпкерлерге кері әсер етеді деген ойда. Бұл пікір әсіресе кәсіпкерлер арасында басымырақ бизнес өкілдерінің 70,5%-ы жаңа салық өзгерісіне қарсы.
Сонымен бірге, сауалнамаға қатысушылардың басым бөлігі (63,8%) бұл реформа ең алдымен мемлекетке пайдалы болады деп санайды. Ал халықтың бай топтары пайда көреді деген пікірді 27,9%-ы қолдайды. Респонденттердің 19,2%-ы ешкімге еш пайда болмайды десе, тек 2,4%-ы баршаға тиімді болатынына сенімді.
Жаңа салықтың тиімді пайдаланылатынына халық сенбейді. Респонденттердің 55%-ы мемлекетке күмәнмен қарайды. Оның ішінде 41,6%-ы «мүлде сенбейміз» десе, 14,6%-ы «сенім аз» деген жауап берген. Тек 32,5%-ы мемлекеттің тиімділігіне сенеді.
Сауалнама тағы бір мәселенің бетін ашты халықтың көбі салық реформасы туралы мүлде білмейді. Қазақстандықтардың жартысына жуығы (47,5%) жаңа Салық кодексі туралы бірінші рет естіген. Азаматтардың үштен бірі (34,9%) кодекс туралы естігенімен, нақты мән-жайынан хабарсыз. Толық хабардармын дегендер небәрі 17%. Дегенмен кәсіпкерлер мен бизнес өкілдерінің арасында бұл көрсеткіш 69,6%-ға жеткен.
Сарапшылардың пікірінше, сауалнама нәтижелері биліктің қоғаммен қарым-қатынасының әлі де тиімсіз екенін, мемлекет бастамаларына жұрттың күмәнмен қарайтынын анық көрсетіп отыр. Азаматтар алдағы өзгерістердің пайдасын сезінбей, керісінше тұрмыс сапасының нашарлауынан қауіптенеді. Мұның себебі халықтың реформаның нақты мақсаты мен тиімділігі туралы толық әрі ашық ақпарат ала алмауында.

