Алматыдағы Ұлттық кітапханада Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының иегері, академик, қоғам қайраткері Бақытжан Тұрсынұлы Жұмағұловтың «Тайталас тағдыр» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.
«Тайталас тағдыр» кітабының таныстыру рәсімін жүргізген Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Нұрлан Оразалин туындының бүгінгі күн үшін өзектілігі мен тағылымына тоқталды. ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаевтың құттықтауын ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп оқып берді.
Ал, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің жолдаған құттықтауын ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов жеткізді. Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев барша ғалымдар атынан сөз алып, құттықтау тілегін білдірді.
Кітаптың тұсаукесеріне еліміздің көрнекті ғалымдары, мәдениет және қоғам қайраткерлері, жазушылар, журналистер мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Қоғам қайраткері Бірғаным Әйтімова, ҰҒА академигі, филология ғылымының докторы, профессор Уәлихан Қалижан, филология ғылымының докторы, профессор Қансейіт Әбдезұлы және т.б. қатысушылар аталған кітаптың маңыздылығына тоқталды.

Кітап қазіргі Қазақстанның саяси, әлеуметтік және рухани өмірінде өзіндік орны бар тұлғаның өмір жолына, мемлекеттік қызметтегі көп жылғы тәжірибесіне, қоғамдық ой-пікірді дамытудағы еңбегіне арналған.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының иегері, академик, қоғам қайраткері Бақытжан Тұрсынұлы Жұмағұлов өз сөзінде бұл еңбегінің әр жылдары жазылғанын және жалғасып жатқанын айтты. Өмірінің білім жинаған және мемлекеттік қызметті атқарған жылдарында қамқорлығын көрген, тәлімін алған әрі Қазақстан Республикасының түрлі кезеңінде мемлекеттік, ұлттық мүдде және ғылым үшін аянбай еңбек етудің үлгісін үйреткен тұлғалар туралы жазуды парызы санағанына тоқталды.
Бақытжан Жұмағұлов – мемлекет және қоғам қайраткері, техника ғылымдарының докторы, профессор, ҰҒА академигі, ҚР Парламенті Сенатының депутаты, ҚР Ұлттық инженерлік академиясының Президенті, Түркі әлемі математиктерінің Президенті, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.
Әрине, кез келген мемлекет қайраткерінің өмір жолы, өзі жазғандай тайталас-тағдыры қалың жұртшылықты қызықтырары сөзсіз. «Тайталас тағдыр» – автордың өзі куә болған тарихи кезеңдер, мемлекеттік басқарудағы күрделі шешімдер, тәуелсіздік жылдарындағы өзгерістер мен ел дамуының бағыттары туралы шынайы баяндауларға толы туынды. Еңбекте елдік мүдде, ұлттық құндылықтар, заманауи қоғамның дамуы, білім мен ғылымның болашағы сияқты маңызды тақырыптар жан-жақты қозғалған.
«Тайталас тағдыр» кітабы – ел тарихының түрлі кезеңдерін өз көзімен көрген және сол процестердің бел ортасында жүрген тұлғаның өмір жолын толыққанды ашатын ерекше шығарма.

