Қазақстанда дәрігер мен жедел жәрдем қызметкеріне күш көрсеткендерге жазаны қатайтатын заң жобасы Мәжілістің бірінші оқылымында мақұлданды, деп хабарлайды Ertenmedia.
Құжат Қылмыстық және Қылмыстық-процестік кодекстерге өзгерістер енгізуді көздейді.
Заң жобасын таныстырған депутат Асхат Аймағамбетов кейінгі жылдары дәрігерлер мен жедел жәрдем жүргізушілеріне шабуыл жасау дерегінің жиілеп кеткенін айтты.
«Мас бұзақы жедел жәрдемнің жүргізушісін ұрғанда, ол көрші көшеде тынысы тарылып, жәрдем күтіп отырған сәбиге соққы жасағандай болады. Немесе инсульт алған, көмекке мұқтаж қарт адамды жазықсыз жазалайды. Бір бұзақының кесірінен тұтас бригада мен бір көлік істен шығады. Жедел жәрдемнің кешігуі инфаркт пен инсульт алған адамдар үшін өмір мен өлім арасындағы санаулы минуттарды шешеді», – деді депутат.
Денсаулық сақтау министрлігінің дерегіне сүйенсек, соңғы бес жылда медицина қызметкерлеріне күш қолданудың 280 оқиғасы тіркелген. Алайда Аймағамбетовтың сөзінше, әлгі көрсеткіш тек ресми дерек. Нақты жағдай бұдан да күрделі.
«Көп жағдайда медицина мамандары арыз жазбайды. Олар өзін қорғайтын нақты тетіктің бар екеніне сенбейді әрі тергеуге кететін уақытты жоғалтқысы келмейді», – деді ол.
Жаңа заң жобасы Қылмыстық кодекске «380-3» деген жаңа бап енгізуді көздейді. Осы бап бойынша медицина қызметкерлері мен жедел жәрдем жүргізушілері ерекше қорғалатын тұлға санатына қосылады.
Қазір заң бойынша ерекше қорғауда құтқарушылар, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, орман қорықшылары мен инспекторлар бар.
Жобаға сәйкес, медицина қызметкерлеріне қатысты денсаулыққа ауыр зиян келтірмейтін күш қолдану немесе сондай әрекетке қорқыту үшін 500-ден 1000 АЕК-ке дейін (шамамен 2-4 миллион теңге) айыппұл салынады.
Егер күш көрсету дәрігер мен жедел жәрдем қызметкерінің өміріне немесе денсаулығына қауіп төндірсе, 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Айта кетсек, қазіргі заң бойынша дәрігерлердің денсаулығына жеңіл зиян келтіргендерге небәрі 25-50 тәулік қамау немесе 200 АЕК көлемінде (шамамен 786 400 теңге) айыппұл салынып келген еді.
Банктер мен клиенттер: несие, коллектор және QR-кодтағы маңызды өзгерістер

