Алматы облысы соңғы жылдары туризмді дамытуды нақты қолға алып отыр. Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте өңір басшысы Марат Сұлтанғазиев негізгі көрсеткіштерді жариялады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Алматы облысының географиясы, табиғи ресурстары, тау мен су аймақтарының жақын орналасуы өңірге қосымша мүмкіндік беріп тұр. Соның нәтижесінде биыл облысқа келген туристер саны 2,2 миллион адамға жеткен. Бұл өткен жылғы 1,6 миллионмен салыстырғанда 36 пайызға көп деген сөз. Демек, атқарылған жұмыс туристер легіне тікелей әсер етіп жатыр.
Қонаев қаласы үшін Қапшағай су қоймасы негізгі демалыс орталығына айналып келеді. Әсіресе жазғы маусымда бұл жерге келгендердің саны айтарлықтай өскен.
2025 жылғы жазда акватория мен жағажайларға шамамен 2 миллион адам келген, өсім шамамен 20 пайыз болып отыр. Жағажай инфрақұрылымын ретке келтіру үшін биыл Freedom Holding қолдауымен бесінші қалалық жағажайда ауқымды жөндеу жүргізілген. Мұның бәрі Қонаевты жазғы маусымда туристер үшін тартымды қала етуге бағытталған.
Тау туризмі бойынша «Ой-Қарағай» тау шаңғысы курортының Актас үстіртіндегі кеңею жобасы аяқталуда. Жобаның құны 83,2 миллиард теңге. Нысанның ерекшелігі, тек қыс айында ғана емес, жыл он екі ай жұмыс істеуге бейімделген.
Жазда тау велосипедтері, жаяу серуендеу, демалыс инфрақұрылымы қолжетімді болса, қыста шаңғы және сноуборд бағытында қызмет көрсетіледі. Жыл сайын шамамен 600 мың турист қабылдау жоспарланған, бұл өңірдегі сервистің кәсіби деңгейін көтеруге де ықпал етеді.

Қапшағай жағалауында жаңа туристік кластер қалыптасып жатыр. Мұнда құны 11 миллиард теңге болатын көпфункционалды «ASP-Арена» туристік кешені ашылды.
Сонымен бірге халықаралық деңгейдегі спорт аренасы мен 4 мың орындық стадион салынған. Сондай нысандар қатарында Орталық Азиядағы ең ірі мұз айдыны бар. Мұндай объектілер тек демалыс орны ғана емес, түрлі спорттық және мәдени шара өткізуге арналған база саналады. Яғни, облыс бір мезетте туризмді де, спорт инфрақұрылымын да қатар дамытып отыр.
Тау көлдері бағыты да назардан тыс қалған жоқ. Көлсай мен Қайыңды көлдері өңірдің визит картасына айналды. Соңғы кезде бұл ауданға ерекше көңіл бөлінген. Жаяу жүргіншілер жолдары толық реттеліп, туристер жүретін соқпақтар абаттандырылған. Қайыңдыға апаратын 9 шақырым жолға күрделі жөндеу жасалған. Соның нәтижесінде биыл осы бағытқа келген туристер саны 600 мың адамға жеткен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,6 есе көп. Яғни, жол сапасы мен инфрақұрылым жақсарған сайын, туристік ағым да өсіп отыр.
«Көшпенділер қаласы» деп танымал нысан да жеке тақырып. Іле өзенінің жағасындағы бұл тарихи-декорациялық кешен қазір әкімдік балансына алынған. Жоспар бойынша, нысанды толық қайта жаңарту көзделіп отыр. Инфрақұрылым жаңарып, мазмұны да байытылады. Сол кезде бұл жер тарихи туризмді, этнотуризмді насихаттайтын маңызды орынға айналуы мүмкін. Әкімнің ойынша, дұрыс реконструкциядан кейін «Көшпенділер қаласы» ішкі және шетелдік туристер жиі баратын нүктеге айналады.
Көшпенді мәдениетті дәріптеу бағытында биыл ерекше акция өтті. «Әлемдегі ең үлкен түйе керуені – 2025» атты мәдени шара ұйымдастырылып, нәтижесінде әлемдік рекорд тіркелді. «Даулет-Бекет» шаруашылығы Гиннестің рекордтар кітабына ресми түрде енген. Мұндай бастамалар бір жағынан өңірдің брендін көтерсе, екінші жағынан, түйе шаруашылығы мен шұбат өнімін танытуға да көмектеседі. Туристер үшін де есте қаларлық оқиға, жергілікті тұрғындар үшін де мақтаныш.
Жалпы алғанда, Алматы облысы табиғи әлеуетке сүйеніп қана қоймай, нақты жобалар арқылы туризмнің жаңа кезеңін қалыптастырып жатыр. Су қоймасы, тау курорттары, мәдени кешендер мен этнонысандар бір-бірін толықтырып, бірыңғай туристік белдеу түзуде. Инфрақұрылымға салынған инвестиция мен жаңа форматтағы мәдени шаралар алдағы жылдары туристер санын одан әрі арттыруға негіз болады.

