Алматы мемлекеттік қуыршақ театры Румынияда өткен «The Craiova International Shakespeare Festival» халықаралық фестивалінде қазақ тіліндегі «Ромео мен Джульетта» спектаклін сахналады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Биылғы фестивальге әлемнің 28 елінен 90-нан астам театр ұжымы қатысты. Осындай ауқымды өнер алаңында Алматы театрының Уильям Шекспир шығармасы негізінде қойылған спектаклі еуропалық көрермен мен театр мамандарының жоғары бағасына ие болды.
Режиссер Дина Жұмабаеваның қойылымы қазақ тілінде ұсынылды. Крайова сахнасында лық толы зал мен ұзаққа созылған қошемет қазақстандық өнерпаздардың халықаралық деңгейдегі табысын айқындады.
Спектакльдің хореографы – Анна Цой, қоюшы-суретшісі – Юлия Чернова. Бұған дейін қойылым Франция, Канада, Болгария, Ресей, Түркия және Қазақстандағы халықаралық театр фестивальдерінде жоғары марапаттарға ие болған.
Румыниядағы көрермен назарына спектакльді Ұлан Адамбаев, Бота Табылдиева, Мақсат Камалов, Шохан Кулназаров, Эльмира Құмарова және Арайлым Байырбекова ұсынды.
Фестиваль қорытындысы бойынша Алматы мемлекеттік қуыршақ театры 2027 жылы Румынияда өтетін «Elvira Godeanu» халықаралық театр фестиваліне қатысуға шақырту алды.
Бұл жетістік қазақ театр өнерінің әлемдік сахнадағы беделін арттырып, ұлттық тілдегі қойылымдардың халықаралық көрерменге де әсер ете алатынын көрсетті.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







