Қазақстанның халық әртісі, ұйғыр театрының жарық жұлдызы, көрерменнің сүйікті актрисасы Рихангүл Махпирова 79 жасына қараған шағында өмірден озды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Рихангүл Махпирова бүкіл шығармашылық ғұмырын Құддыс Қожамияров атындағы республикалық мемлекеттік академиялық ұйғыр музыкалық комедия театрымен байланыстырған еді.
Өнер жолын 1977 жылы бастаған актриса жарты ғасыр бойы ұлттық сахнада сан алуан ерекше образдарды сомдап, көрермен жүрегінен орын алды. Оның театр өнерін дамытуға қосқан өлшеусіз үлесі үшін «Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі», кейіннен «Қазақстанның халық әртісі» атақтары берілді.
Марқұмның отбасы мен жақындарына, барша өнер сүйер қауымға Мәдениет және ақпарат министрлігі көңіл айтты.
«Рихангүл Махпирова өнерге деген адалдығымен, сахнаға деген ерекше құрметімен есте қалады. Оның жарқын бейнесі ұлттық мәдениетіміздің тарихында мәңгі сақталады», – деп атап өтті ведомство өкілдері.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







