Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевті қабылдап, өңірдегі жағдайды талқылады. Кездесуде әкім соңғы үш жылдағы экономикалық көрсеткіштерге тоқталды. Марат Сұлтанғазиевтың айтуынша, облыстың жалпы өңірлік өнімі 1,8 есе өсіп, 3,4 триллион теңгеден 6 триллион теңгеге жеткен. Биылғы қаңтар-қазан айлары аралығындағы қысқа мерзімді экономикалық индикатор 109,7 пайыз болып отыр, деп жазады Ertenmedia.kz.
Марат Сұлтанғазиев шетелдік компаниялардың қатысуымен жүзеге асып жатқан жобалар туралы да мәлімет берді. Тағам өнеркәсібі, логистика және металлургия салаларында жалпы құны 470 миллиард теңгеден асатын 13 инвестициялық жоба іске асырылып жатыр.
Өңдеу өнеркәсібі бойынша биылғы тоғыз айда экспорт көлемі 28,5 пайызға көбейіп, 618,5 миллион долларға жеткен. Сол экспорттың 90 пайызы жоғары деңгейде қайта өңделген өнімге тиесілі екені айтылды.
Әкім ауыл шаруашылығы саласына да жеке тоқталды. Алматы облысы аграрлық субсидияларды тиімді пайдаланатын жетекші өңірлердің біріне айналған. Ресми есеп бойынша, бюджеттен берілген әрбір 1 теңге субсидияға 17 теңгеге дейін ауыл шаруашылығы өнімі өндіріледі. Тауарлы сүт фермаларының саны 11-ге жеткен.
Әлеуметтік сала жөнінде де деректер келтірілді. Биыл он айда облыста шамамен 950 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Үш ауысымды мектептер саны 52-ден 28-ге дейін азайған. Бұл білім саласындағы жүктемені біртіндеп жеңілдетіп келе жатқанын көрсетеді.
Туризм бағыты бойынша Қапшағай су қоймасы мен ұлттық табиғи парктер маңында қалыптасып келе жатқан туристік кластер туралы баяндалды. Облысқа келген туристер саны 2,2 миллион адамға жеткен, бұл былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 36 пайызға көп.
Кездесу соңында Президент өңірдің өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы әлеуетін одан әрі күшейту, логистика мен туризмді дамыту, халық үшін маңызды мәселелерді кешенді түрде шешу жөнінде облыс әкіміне нақты тапсырмалар берді.

