Елімізде жол-көлік оқиғасының жиілеуіне байланысты Бас прокурор Берік Асыловтың төрағалығымен өткен үйлестіру кеңесінде апатты азайту мәселесі талқыланды, деп хабарлайды Ertenmedia.
Жиында жолдағы жағдай күн өткен сайын күрделеніп бара жатқаны айтылды. Әсіресе, апатқа себеп болғандардың көбі бұрын да жол ережесін бірнеше рет бұзған жүргізушілер екені белгілі болды. Кейбірінің бір жыл ішінде ондаған құқық бұзушылық жасағаны анықталған.
«Жол-көлік оқиғасының 81 пайызын бұрын бірнеше рет жауапқа тартылған жүргізушілер жасайды. Ережені бұзушылардың заңға бағынбауы тұрақты сипат алған», – деп атап өтті жиынға қатысушылар.
Осыған байланысты кеңесте жол ережесін бұзғандарға қатысты цифрлық бақылау арқылы балдық жүйені енгізу ұсынылды. Белгілі бір межеге жеткен жүргізуші автоматты түрде емтиханды қайта тапсыруға жіберілмек.
Бұдан бөлек, заңсыз салынған жолға шығу орындары, жүргізуші куәлігін саудалау, сондай-ақ денсаулығы көлік басқаруға жарамайтындардың жолға шығуы да басты проблемаға айналған.
Мысалы, Үржар ауданында эпилепсиямен ауыратын жүргізуші алты баланы қағып, салдарынан төртеуі көз жұмған болатын.
«Қауіпті апаттардың басым бөлігі қалааралық тасымалда жүрген оң рульді минивэн көліктеріне тиесілі. Мұндай көліктер техникалық талаптарға сай емес», – деді отырысқа қатысушылар.
Бұған дейін елімізде күн сайын жол апатынан орта есеппен алты адам қаза болатынын хабарлаған едік. Биылғы он айда Қазақстанда 29,6 мыңға жуық жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 42,2 мың адам зардап шеккен. Соның ішінде 1916 адам қайтыс болған.
Тұшымды контентті Ertenmedia-ның телеграм арнасынан оқыңыз.
Қандыағаштағы «махаббат машақаты»: Тоқаевтың сөзін «қалқан» қылған әкім қызметінен кетеді

