Ақтөбе облысының соты ашынасына қол жұмсағаны үшін айыпталған Қандыағаш қаласының әкімі Қазыбек Аққайырға қатысты үкімді өзгеріссіз қалдырды. Алайда айыппұл көлемі азайтылды, деп хабарлайды Ertenmedia.
Сот шешімімен шенеунік бастапқыда 314 мың теңге көлемінде штрап төлеуге міндеттелген. Аққайыр сот шешімімен келіспей, әпелляцияға жүгінгенімен, 27 қарашадағы отырыста үкім сол күйінде қалды.
Енді заңға сәйкес («Мем.қызмет туралы» заңның 61-бабы) сот шешімі күшіне енген соң ол қала әкімі қызметінен босатылады.
«Шешім заңды күшіне енгенше шенді жұмысын жалғастыра береді», – деп мәлім етті Мұғалжар ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Еске сала кетейік, әкімге қарсы іс «денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру» бабымен қозғалған.
Сот процесі кезінде үйлі-баранды, ақарлы-шақарлы әкім жұмыс орнындағы әріптесімен әмпей-жәмпей болғанын жоққа шығармаған. Жәбірленуші әйел де шенеунікпен 2021 жылдан бері қарым-қатынаста болғанын мойындаған еді.
Оның сөзінше, Аққайыр отбасынан кетпейтінін бірден ескерткен, алайда екі жаққа да кесірі тимейтінін жеткізіп, айтқанына көндірген. Атышулы оқиға Жаңа жыл қарсаңында шенеуніктің кабинетінде болған. Әкім мен оның көңілдесінің арасында жанжал шығып, Аққайыр әйелдің алқымынан алып, бірнеше рет төмпештеп жіберген.
Әкім сотта әйелге күш көрсеткенін толық жоққа шығарып, «отбасымның алдында-ақ жазамды тартып отырмын» деген уәж айтқан-тұғын.
Соттағы соңғы сөзінде шенді болған іске өкініш білдіріп, тіпті президент Тоқаевтың сөзін мысалға келтіргенін ұмыта қойған жоқпыз.
«Президент кей әйелдердің айқай шығарып, қоғамдық тәртіпті бұзатынын айтқан еді. Қандыағашта да сондай әйелдер бар», – деген болатын Аққайыр.
Сот шешіміне сәйкес, әкім жәбірленушіге 100 мың теңге моралдық өтемақы және қорғаушының қызметі үшін тағы 100 мың теңге төлеуге міндеттелді. Қазыбек Аққайыр Қандыағаштың әкімі қызметіне былтырғы жылдың шілде айында тағайындалған еді.
Тұшымды контентті Ertenmedia-ның телеграм арнасынан оқыңыз.

