Қытай билігі 2026 жылдың қаңтарынан бастап контрацепция препараттары мен жүктіліктен сақтануға арналған заттарға қосымша құн салығын енгізеді, деп хабарлайды Ertenmedia.
Елде соңғы отыз жылда мұндай тауарлар алғаш рет салыққа ілігіп отыр. Бұған дейін, 1993 жылдан бері, яғни Қытайда «бір отбасы – бір бала» саясаты белсенді жүрген кезде, контрацептивтер салықтан босатылған болатын. Ол кезде мемлекет туу көрсеткішін тежеуге мүдделі еді. Қазір жағдай мүлдем басқа: Бейжің керісінше, бала санын арттыруды көздеп отыр.
Жаңа өзгеріске сәйкес, контрацепция құралдарына 13 пайыз ҚҚС салынбақ. Bloomberg агенттігінің мәліметінше, бұл Қытайдың демографиялық саясатына енгізген кешенді өзгерісінің бір бөлігі ғана.
Салық заңнамасына енгізілген түзетулерде балабақша, бөбекжай қызметі, қарттар мен мүгедектерді күту орталықтары және неке рәсіміне байланысты қызметтер толық ҚҚС-тан босатылатын болады.
Осынау шара Қытай халқының саны үш жыл қатарынан төмендеуіне байланысты қолға алынып отыр. 2024 жылы Қытайда небәрі 9,54 млн бала дүниеге келді. Бұл 2014 жылмен салыстырғанда екі еседей аз. Ол жылы «бір бала» саясаты тоқтатылып, бала саны 18 миллионнан асқан еді.
Бейжіңнің шешімі елдегі демографиялық саясаттың «туу көрсеткішін бақылаудан» «бала санын арттыруға» нақты ауысқанын көрсетеді.
Қазақстанда да соңғы уақытта туу көрсеткішінің біртіндеп бәсеңдеуі байқалады. Тек Шымкент қаласы мен Түркістан, Маңғыстау облыстарында ғана жаңа туған нәрестелер саны әлі де жоғары деңгейде сақталып отыр.
Тұшымды контентті Ertenmedia-ның телеграм арнасынан оқыңыз.

