Алматы маңындағы Бесағаш ауылының тұрғындары Іле-Алатауы ұлттық паркінің қорғау аймағындағы заңсыз жұмысқа байланысты Президент пен Үкімет басшысына ашық үндеу жолдады, деп жазады Ertenmedia.
Жергілікті жұрттың айтуынша, «крутой» біреу ауыл іргесіндегі шамамен 5 гектар жердің құнарлы топырағын күреп, сел қаупі жоғары таудың етегін заңсыз қазып жатыр.
Аумақтың құжатында «шаруа қожалығының жайылым жері» деп жазылғанмен, меншік иесінің құрылыс пен жер қазу жұмысына рұқсат қағазы жоқ болып шыққан. Жұртшылық мердігерлерден жұмыс жүргізуге негіз болатын құжаттарды сұратқанда, олар ештеңе көрсете алмаған.
«Жақында ғана дәл осы жерде сел жүріп, ауыл халқының мазасы кеткен. Соған қарамастан, мердігерлер заңсыз жұмысын тоқтатпай отыр. Біз биліктен дереу тексеріс жүргізуді талап етеміз», – дейді ауыл тұрғындары.
Әкімдік бұған дейін заң бұзушылықты тоқтату туралы ескерту жасағанымен, қараша айынан бастап жұмыс қайта қызып, тіпті ауқымы ұлғайған. Жер иесі өткен жылы сел қаупін азайту мақсатында бюджет есебінен салынған арықты да талқандап тастаған.
Тұрғындардың сөзінше, Алматы облысының жер ресурсын басқару органдары мен пәлция арыз-шағымға салғырт қарап, нақты әрекет етпей келеді.
«Соған қарағанда жер қожайынының ықпалы күшті секілді. Біз талай есікке бардық, талай хат жаздық. Бірақ ешкім нақты жауап бермейді, келген хаттар жалтарма жауапқа толы», – дейді олар.
Жергілікті жұрттың жанайқайын естіген депутат Базарбек әлгі мәселені дереу түрде өз бақылауына алғанын мәлім етті.
«Мәселені Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің алдына екі мәрте көтергенмін. Менің білуімше, қазір тергеу жүргізілуі тиіс. Жақында сол жаққа арнайы барып, жағдайды жеке бақылауыма аламын», – деді депутат.
Айта кетсек, Базарбек бұған дейін де Алматы маңындағы табиғатты қорғау аймақтарын заңсыз иемдену мәселесін көтерген. Мәжілісмен құрылыс компанияларының Алатау баурайындағы тау жоталарын жаппай кесіп жатқанын мәлімдеген еді. Атап айтқанда, Көк-Төбе, Көлсай, Бутаковка, Кеңсай, Бағанашыл, Горный гигант, Ремизовка аумақтарынан заңсыз бөлінген 25 жер телімі анықталған.
«Учаскілердің мақсатты пайдаланылуы мүлде бөлек болғанына қарамастан, олар коттедж мен таунхаустар салуға бейімделіп, кейбір тұста тіпті сібір жарасы көмілген жерлердің үстінен құрылыс жүргізілген», деген-тұғын Бақытжан Базарбек.
Тұшымды контентті Ertenmedia-ның телеграм арнасынан оқыңыз.
Алатауды бөлшектеген әкімдер мен әулеттер: депутат Базарбек маңызды мәлімдеме жасады

