Боксшы Жәнібек Әлімханұлының командасы VADA тестінен кейін туындаған мәселеге және жекпе-жектің тоқтатылуына қатысты алғаш рет ресми пікір білдірді, деп хабарлайды Ertenmedia.
Команда таратқан мәлімдемеде жағдайдың өздері үшін де күтпеген әрі жағымсыз жаңалық болғаны айтылған. VADA-ның бірінші тестінде ешқандай заңсыз препарат анықталмаған, ал екінші сараптама нәтижесінде кілтипан пайда болған.
«Әлгі ақпарды естігенде төбеден жай түскендей күй кештік. Көптен күткен маңызды жекпе-жекке санаулы күн қалғанда мұндай жағдайдың болғанына қатты қынжылдық. Бізді таңғалдырғаны, алғашқы тапсырған анализ толықтай таза шыққан еді. Алайда екінші сараптамада күмән туғызатын түйткілдер бар деген хабарлама келді», – дейді Qazaq style командасы.
Әлімханұлының командасы екі сараптама арасында боксшының тамақтану режиміне де, дәрумендерге де еш өзгеріс енгізілмегенін баса айтып отыр.
«Мұның қалай болғанын, қайдан шыққанын өзіміз де түсіне алмай отырмыз. Осы жекпе-жекке төрт ай бойы жат елде, жатпай-тұрмай дайындалдық, қанша күш, маңдай теріміз төгілді. Қып-қызыл шығынға баттық. Тестілеу нәтижесі бәрімізді есеңгіретіп кетті. Біз әрдайым адал спортты қолдайтынымызды айтып келеміз. Қазір менеджерлер мен заңгерлер іске кірісіп, жағдайды мұқият тексеріп жатыр. Біз қайтадан сынама тапсыруға дайын екенімізді хабарладық. Сонымен бірге екінші сынаманың қосымша нұсқасы да лабораторияда тексерілуде. Мамандар қорытындысын күтіп отырмыз», – дейді олар.
Команда адал спорт ұстанымынан бас тартпайтынын, әзіргі жағдайды жан-жақты зерттеп, толық анықтауды талап етіп отыр.
Айта кетейік, Жәнібек Әлімханұлы мен Ерисланди Лара арасындағы кездесуде IBF, WBO және WBA тұжырымдары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы атағы сарапқа салынуы тиіс болатын. Жеңімпаз абсолютті чемпион атағына бір қадам жақындай түсетін еді.
Бұған дейін Дүниежүзілік бокс ұйымы (WBO) ерікті допингке қарсы VADA ұйымынан орта салмақтағы әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлының сынамасы оң нәтиже көрсеткені туралы хабарлама алғанын растап, тергеу бастағанын мәлімдеген болатын.
Тұшымды контентті Ertenmedia-ның телеграм арнасынан оқыңыз.

