Елордада «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы аясында оқушылардың қаржылық қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған ерекше жоба өтіп жатыр. Астана қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті мен Білім басқармасы бірлесіп, қаланың барлық 120 мемлекеттік мектебінде және 9 мемлекеттік колледжінде «Qarzhy Saqshysy» атты компьютерлік ойынды іске қосты. Ойынға 10–11-сынып оқушылары мен колледждің 1-2 курс студенттері қатысып жатыр. Жобаны ҚР Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен AML Academy және Қаржылық мониторинг агенттігі дайындағаны атап өтілді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Қазір жасөспірімдер үшін негізгі қатер тек көшедегі қауіп емес, телефон мен интернет арқылы келетін қауіп болып тұр. Құмар ойындар, фишинг, жалған сілтемелер, телефон арқылы алдау, қаржы пирамидалары, картасын немесе шотын «уақытша пайдалануға бер» деп алдайтын дропперлік схемалар жасөспірімдер жиі кездесетін жағдайға айналды.
Осыған байланысты балаларды қарапайым тілмен, түсінікті форматта, интерактивті түрде сақ болуға үйретудің өзектілігі артып отыр. «Qarzhy Saqshysy» ойыны осы қажеттіліктен туған құрал ретінде қарастырылуда.
Ойын мазмұны нақты қаржылық алаяқтық түрлерін түсіндіруге бағытталған. Онда қаржы пирамидасының қалай құрылатыны, дропперлік деген не, фишингтік сайттар қалай жұмыс істейтіні, жеке деректерді қорғау не үшін маңызды екені бойынша қысқа жағдайлар мен сұрақтар берілген.

Сонымен қатар цифрлық гигиена мен қауіпсіздік туралы да ақпарат қамтылған. Оқушы оқиғаға қатысушы кейіпкер ретінде шешім қабылдайды, сол арқылы дұрыс пен бұрысты ажыратуды үйренеді.
«Qarzhy Saqshysy» интерактивті форматта жасалған. Онда шағын тапсырмалар, өмірден алынған қысқа мысалдар және тест сұрақтары бар. Мұндай тәсіл теорияны жай тыңдағаннан гөрі, нақты ситуацияға кіріп көріп, соның ішінде ойлануға мүмкіндік береді. Ұйымдастырушылардың ойынша, бұл формат материалды жақсырақ қабылдауға, қауіпсіз қаржылық әдеттерді қалыптастыруға және цифрлық ортада сыни ойлауды дамытуға көмектеседі.
Ойын 1 желтоқсаннан бастап өтіп жатыр және 2025 жылдың 15 желтоқсанына дейін жалғасады. Яғни жоба бір-екі күндік науқан емес, бір жылға жуық уақытқа жоспарланған. Осы аралықта барлық мектеп пен колледжде оқушылар кезекпен қатысып шығады. Қорытындысында үздік нәтиже көрсеткендерге бағалы сыйлықтар табысталатыны айтылды. Бірақ негізгі мақсат жүлде емес, балалардың «жеңіл ақша» мен күмәнді ұсыныстың артында нақты қауіп тұрғанын ерте түсінуі. Осы жағынан алғанда, «Qarzhy Saqshysy» ойыны қаржылық сауаттылықты да, өзін қорғау дағдысын да қатар қалыптастыруға арналған құрал болып отыр.

