Денсаусамин Ақмарал Әлназарова Астанадағы стоматологиялық клиникада үш жасар қыздың қайғылы өлімінен кейін қоғамның күдігін тудырған «Севоран» препаратына қатысты ұстанымын жеткізді, деп жазады Ertenmedia.
Министрдің айтуынша, балалар және ересектер стоматологиясында «Севоран» препараты әлі күнге дейін кеңінен қолданылады және оған тыйым салуға әзірге негіз жоқ.
«Сот-медициналық сараптама қорытындысына сәйкес, баланың өлімі мен «Севоран» препараты арасында тікелей байланыс анықталған жоқ.
Бүгінге дейін осы препараттар тобына қатысты медицина мекемелерінен жағымсыз әсер туралы ресми шағым түскен емес. Біз тек ресми тіркелген, түпнұсқа препараттарды ғана пайдаланамыз.
Егер тергеу барысында препарат пен қайғылы оқиға арасында қандай да бір байланыс анықталса, тиісті шешім қабылдаймыз», – деді Ақмарал Әлназарова.
Еске сала кетейік, түнеукүні Астанадағы Dent Park Ortho клиникасында тіс емдеуге келген үш жасар қыз қайтыс болған еді. Дәрігерлер сәбидің бірден 18 тісін емдеу үшін оны төрт жарым сағат бойы «Севоран» препаратымен наркозда ұстаған. Наркоздан ояну кезінде сәбидің жүрегі тоқтап қалған.
Қазір осы оқиға бойынша анестезиолог дәрігер Аида Жұмағалиеваға қатысты сот процесі жүріп жатыр.
Тәуелсіз сарапшының қорытындысында баланың өлімі «кенеттен болатын балалар өлімі синдромымен» (СВДС) байланысты болуы мүмкін деген болжам айтылған.
«Дәрігерлер мұның бәрі біле тұра, балаға ұзаққа созылатын наркозды қалай бекітті? 18 сүт тісін бір мезетте емдеуге көндіргенде неге сүйенді? Мұншама тісті бір мезетте емдеу ақылға сия ма?», — деп жазып жатыр желідегі жұрт.
Тұшымды контентті Ertenmedia-ның телеграм арнасынан оқыңыз.
18 тіске берілген төрт сағаттық наркоз: стоматологиядағы қайғылы оқиғаның құны

